Астаналық зейнеткерлер мен оқушылар арасында шахматтан турнир өтті
Елорданың «Сарыарқа» ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында зейнеткерлер мен оқушылар арасында шахматтан жолдастық турнир ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Зияткерлік сайысқа Ғ.Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясының оқушылары мен орталықтың белсенді зейнеткерлері қатысты.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту, жас буын мен аға буын өкілдері арасында өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау, салауатты өмір салтын насихаттау және шахмат ойыны арқылы логикалық ойлау мен зияткерлік қабілеттерді дамыту.
«Жалпы Сарыарқа ауданында шахмат үйірмесі жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Ауданның белсенді шахматшы-зейнеткерлері Бекболат Махметов пен Сағындық Айтпаев, Арик Қасенов күн сайын жаттығуларға қатысып, түрлі турнирлерді жібермей, жастарға үлгі болып жүр.Қатысушылар өздерінің жақсы дайындықтарын, стратегиялық ойлау қабілеттерін және ойынға деген үлкен қызығушылықтарын көрсетті», - деп жазылған қала әкімдігінің баспасөз хабарламасында.
Жарыс қорытындысы бойынша мектеп оқушылары арасында: І орынды – Азат Маратов, ІІ орынды – Нұрислам Махмұт, Рома Проценко және Ералы Айбек, ІІІ орынды – Әлтайыр Асқаров иеленді.
Сайыс барысында оқушылар Сабыр Абыдығалиев, Ғалым Нұрымов, Ақпар Машанлы, Мұхтар Ахметов және Шалқарбек Тыштыбаев сынды орталықтың зейнеткерлерімен бірге тартысты, әрі мазмұнды ойын өрнегін көрсетті.
Жарыс соңында қатысушылар дипломдармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Мұндай шаралар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып қана қоймай, зияткерлік спортты кеңінен дамытуға зор үлес қосады.
Бұған дейін елорданың «Сарайшық» ауданындағы мектептерде «Болашақ прокурорлар клубы» ашылғанын жаздық.