Елорданың «Сарайшық» ауданындағы мектептерде «Болашақ прокурорлар клубы» ашылды

Елорданың «Сарайшық» ауданындағы мектептерде «Болашақ прокурорлар клубы» ашылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында елорданың «Сарайшық» ауданына қарасты 17 мектебінде Өтеген Сейітов атындағы «Болашақ прокурорлар клубы» ашылды. Клубтың ашылу салтанаты №73 физика-техникалық лицейінде өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қаирбаева мен «Сарайшық» ауданы прокурорының орынбасары Бауыржан Асқаров, мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов және мектеп директорлары, сала мамандары қатысты.

«Бас прокуратураның «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі мемлекеттік тұжырымдамасы аясында Өтеген Сейітов атындағы «Болашақ прокурорлар клубы» жүзеге асырылды. Бұл ретте «Сарайшық» аудандық прокуратурасы ауданға қарасты 17 мектептен іріктелген оқушылар клуб мүшесі болып сайланды. Бұл – өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың заңға деген құрметін қалыптастыру, құқықтық білімін тереңдету және оларды тәртіпті, саналы азамат етіп тәрбиелеу.  Айта кету керек, «Болашақ прокурорлар клубына» 7-11-сынып оқушылары қатысады. Сонымен қатар бұл болашақ мамандықты ұтымды таңдауға бағытталған мүмкіндік алаңы болып саналады», - деді №73 физика-техникалық лицейінің директоры Гүлшат Калтаева Elordainfo.kz тілшісіне.

Іс-шара барысында «Болашақ прокурорлар клубына мүше» оқушылар салтанатты түрде ұлықталды.

«Біздің мақсатымыз – мектеп ішінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Менің ойымша, қазіргі таңда оқушылардың құқықтық деңгейі төмендеу. Сондықтан оқушыларға құқық туралы 7-сыныптан бастап оқытқан дұрыс деп санаймын. Тереңдетіп оқытудың қажеті жоқ шығар, тек бастапқы ақпараттан хабардар еткен жөн. Себебі көп жағдайда оқушылар 7-сыныптан бастап білместікпен заңсыз әрекет жасап қойып жатады. Менің ойымша осы кезеңнен бастап оларға құқықтық тұрғыдан тиісті білім берілсе, оқушылар арасындағы қылмыс азаяр еді», - деді №73 физика-техникалық лицейінің 10-сынып оқушысы, Өтеген Сейітов атындағы «Болашақ прокурорлар клубының» осы мектептегі жетекшісі Жансері Сенғазы тілшілерге берген сұхбатында.

Енді клубқа мүше оқушылар мектепішілік және қалалық іс-шараларды өткізеді. Жұмыс бір жылдық жоспар бойынша жүргізіледі.

«Бүгін біз тек бір клубтың ашылуына емес, заң мен әділдікке адал болуды мақсат еткен жас буынның жауапты таңдауына куә болып отырмыз. Өтеген Сейітов атындағы «Болашақ прокурорлар клубы» еліміздің ертеңі – әділетті, саналы, заңға құрметпен қарайтын азаматтарды тәрбиелеуге қызмет етеді деп сенеміз», - деді «Сарайшық» ауданы прокурорының орынбасары Бауыржан Асқаров.

Мамандардың сөзінше, «Болашақ прокурорлар клубының» жұмысы тек мектеппен шектелмейді, бұл – бүгінгі оқушы мен ертеңгі заңгер арасындағы алтын көпір.

Іс-шара барысында №73 мектеп-лицейі мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында ынтымақтастық меморандумы жасалды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін елордадағы №97 мектеп-гимназиясында заңның тереңдетіліп оқытылатыны жайлы жазған едік.