Астанадағы Жоғары көлік және коммуникациялар колледжі халықаралық аккредитациядан өтті

Бүгін, 14:25
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанадағы Жоғары көлік және коммуникациялар колледжі халықаралық аккредитациядан өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

«Жоғары көлік және коммуникациялар колледжі» халықаралық аккредитациядан өтті. Оқу орнына City & Guilds сертификаттары салтанатты түрде табысталды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Аталмыш оқу орны биыл 80 жылдығын атап өтіп жатыр. Бүгінге дейін мұнда 36 мыңнан астам білікті маман даярланып, елдің дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Колледждің City & Guilds жүйесінен сәтті өтуі – халықаралық деңгейде мойындалған сапа көрсеткіші. Бұл аккредитация 80-нен астам елде танылған және білім алушылардың кәсіби құзыреттілігіне жоғары талап қояды.

Салтанатты жиында колледж директоры Бірлік Қапезов ұжымды және студенттерді осы маңызды жетістікпен құттықтады. Оның сөзінен кейін қатысушылар халықаралық ұйым өкілінің арнайы құттықтауын тамашалады – City & Guilds аймақтық менеджері доктор Тони Дегазонның бейнеүндеуі экраннан көрсетілді.

Жоғары көлік және коммуникациялар колледжінің City & Guilds халықаралық аккредитациясынан өтуі – бұл тек мәртебе емес, колледждің әлемдік білім кеңістігіне бағыт алған сенімді қадамы. Бұл жетістік оқытушылар, студенттер және серіктестердің бірлескен еңбегінің айқын нәтижесі болып саналады.