Астанада Триумфалды арка маңында әдепсіз видео түсірген шетелдікке айыппұл салынды
Астана полициясы қоғамдық тәртіп нормаларын бұзатын әдепсіз мазмұндағы бейнежазбаны TikTok желісінде жариялаған 25 жастағы шетелдік азаматшаны анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, видео елордадағы Мәңгілік Ел даңғылында орналасқан Триумфалды арка маңында түсірілген. Бейнежазбада әдепсіз сөздер мен қоғамдық мораль нормаларына қайшы келетін сөз тіркестері болған.
Ангелина Ванинаға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік материал жиналып, іс сотқа жолданды.
Сот шешімімен шетелдік азаматшаға 20 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Полиция қоғамдық орындарда тәртіп сақтап, әдеп нормаларын ұстануға шақырады. Сондай-ақ құқыққа қайшы немесе қорлайтын мазмұндағы материалдарды әлеуметтік желілерде жариялау заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Еске салсақ, Астанада 20 жылдан астам уақыт бұрын жасалған кісі өлтіру қылмысы ашылды.