Астанада қазақы нышандағы эко-шыршаның жаңартылған нұсқасы бой көтерді

Астанада қазақы нышандағы эко-шыршаның жаңартылған нұсқасы бой көтерді
Фото: Астана әкімдігі

Астанадағы «Нұржол» бульварында шығармашыл еріктілердің құрастырып шығарған ерекше арт-нысан – құрақ-көрпе стиліндегі эко-шырша таныстырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Осыған дейін де елордада құрылып, қала тұрғындарының ыстық ықыласына бөленген бұл жоба биыл жұртшылықтың сұранысы бойынша жаңартылған әрі мазмұны тереңдетілген форматта ұсынылды. Жоба дәстүрлі қолөнерді заманауи креативті индустриямен ұштастырып, өнер, экологиялық сана және әлеуметтік бірліктің бір арнада тоғыса алатынын көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды қазіргі қалалық кеңістікке бейімдеу.

«Құрақ-көрпе стиліндегі эко-шырша жобасы қалаға тұрғындардың тікелей сұранысы бойынша қайта оралды. Ол алғаш рет 2020 жылы жүзеге асырылған еді. Біз үшін бұл жолы идеяны жай ғана қайталау емес, оны жаңартып, жаңа мазмұнмен толықтыру маңызды болды. Биыл жоба Жұмысшы мамандықтар жылы мен Жылқы жылынан шабыт алды, бұл еңбекке құрметтің, қозғалыстың, күштің және дәстүрмен тірі байланыстың символы. Шыршаға арналған барлық тоқыма ойыншықтар балалардан бастап аға буын өкілдеріне дейінгі қала тұрғындарының қолымен нөлден жасалды», – деді жоба ұйымдастырушысы Рахима Мұкышева.

Эко-шырша мен тоқыма ойыншықтарды жасауға үш буын өкілдері – әжелер, аналар, қыздар мен немерелерден құралған 50-ден аса ерікті қатысты. Бар болғаны екі күн ішінде нөлден бастап 100-ден аса тоқыма ойыншық дайындалып, символдық «Жақсылық сандығын» толтырды. Бұл бұйымдар елорда тұрғындары мен қонақтарын қуантатын үлкен арт-объектінің ажырамас бөлігіне айналды.

Жоба Қазақстандағы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асырылып, қол еңбегінің, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қолөнер дағдылары мен кәсіптердің маңызын айқындайды. Сонымен қатар қолмен жасалған еңбектің мәдени бастамалар мен креативті экономиканың берік негізі бола алатынын көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Елордада республикалық қолөнершілер жәрмеңкесі өткен болатын.