Астанада есепшоттарын алаяқтарға сатқандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Астанада полиция қызметкерлері банк есепшоттарын алаяқтық мақсатта пайдалануға беру фактісін анықтап, тергеу жүргізуде, деп хабарлады Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қала тұрғыны интернеттен онлайн табыс туралы жарнама көріп, жеңіл ақша табуға қызыққан. Ол белгіленген сыйақы үшін өзінің банк деректерін бөгде адамдарға пайдалануға рұқсат еткен. Кейін дәл осындай «табыстың» жолын өз танысына да ұсынып, ол да жаңа есепшот ашып, деректерін белгісіз тұлғаларға берген.
«Нәтижесінде берілген есепшоттар алаяқтар тарапынан заңсыз қаржылық операциялар жасау үшін қолданылған. Тергеу барысында полиция осындай жағдайлардың бірінде күмәнді есепшотты анықтап, оның көмегімен қылмыстық схеманың өзге қатысушыларына шығуға мүмкіндік алды. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеу амалдары жалғасуда», - делінген хабарламада.
Полиция ескертеді: банк деректерін, жеке есепшоттарды немесе төлем карталарын бөгде адамдарға беру – заңбұзушылық қана емес, қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет.
Азаматтарды «жеңіл табыс» туралы күмәнді жарнамаларға сенбеуге, интернет кеңістігінде барынша сақ болуға және өз деректерін қорғауға шақырады.