Astana Hub-та Pizza Pitch: үздік AI-стартаптар анықталды

Бүгін, 15:03
Думан Аманжол Думан Аманжол
Astana Hub-та Pizza Pitch: үздік AI-стартаптар анықталды
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Astana Hub алаңында кезекті Pizza Pitch іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл жолы стартаптар өз жобаларын инвесторларға қысқа әрі мазмұнды 3 минуттық таныстырылым форматында ұсынды.

Биылғы шараға қызығушылық жоғары болып, 141 өтінім келіп түскен. Іріктеу кезеңінен кейін 55 команда онлайн-диагностикадан өтіп, олардың 12-сі финалға шықты.

«Финалистер AI-агенттер, бейнеаналитика, нейроинтерфейстер, медициналық шешімдер және басқа да бағыттар бойынша жобаларын таныстырды. Қатысушылардың көпшілігі жасанды интеллектіні негізгі даму тетігі ретінде қолданған» , делінеді хабарламада.

Жобалар қатарында клиенттік сервисті автоматтандыруға арналған AI-платформалар, онлайн білім беру шешімдері, нейроинтерфейс технологиялары, бизнес-процестерді автоматтандыру жүйелері және медициналық диагностика құралдары болды.

Deep tech бағытындағы, әсіресе медицина мен математика саласындағы стартаптар ерекше назар аударды. Нәтижесінде:

1-орын (700 000 теңге) – Desargues AI

2-орын (500 000 теңге) – ZhurekAI

3-орын (300 000 теңге) – Sentra стартапына берілді.

Қазылар алқасы жобаларды технологиялық деңгейі, масштабталу мүмкіндігі, бизнес-модель және халықаралық нарыққа шығу әлеуеті бойынша бағалады. Бағалау процесіне венчурлік қор өкілдері мен инвестициялық сарапшылар қатысты.

Pizza Pitch стартаптарға инвесторлардан кері байланыс алуға, жобаларын жетілдіруге және жаңа серіктестіктер орнатуға мүмкіндік берді. Ал инвесторлар үшін бұл алдын ала іріктелген жобалармен тиімді танысу алаңы болды.

Іс-шара серіктестері қатарында IT-компаниялар – Айти Крауд, ARMADOC.KZ, Фора Софт, Cheely Apps, GOPASS PLATFORM  болды. Басты серіктес – Smart Bridge.

Іс-шара Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өтті. Бұл бастама елдің жоғары технологияларды дамытуға және IT-қоғамдастықты қолдауға бағытталған стратегиялық бағытын көрсетеді.