Жангелді Бимолдин: Қалалық архив құжаттары - Астана тарихының қайнар көзі
Архивті құнды тарихи құжаттар сақталған алтын сандық десек, астаналық архивте қазақтың бас қаласының қадым замандардан бергі құпиялары қатталған. 22 желтоқсан – Архившілер күні қарсаңында Elordainfo.kz тілшісі осыдан отыз жыл бұрын жеке мекеме болып құрылған Астана қаласының Мемлекеттік архивіне бас сұққан еді. Архив директоры Жангелді Бимолдин осынау ғажайып өлкенің сырларын сақтаған сары қағаздарға тіл бітіріп, қазақ ордасының тарихын қалыптастырған тұлғалар жайлы көптеген деректерді айтып берді.

- Жангелді Бержанұлы, әуелі осы Астана қаласы мемлекеттік архивінің негізгі мақсаты және қор құрылымына тоқталсаңыз...
- Ақмола архиві тарихының бастауы тым тереңде жатыр. Ал соның негізінде өз алдына дербес мекеме болып құрылған бас қаламыздың архиві - өз қызметін қала әкімінің шешімімен 1995 жылдың қараша айынан бастаған. Тәуелсіз еліміздің аспаны астында түтінін түтеткен архивке биыл 30 жыл толып отыр. Отыз жылда 70-тен астам қызметкер еңбек ететін қаламыздағы белді мекемеге айналды. Қазіргі таңда құжаттардың саны 800 қорға таяу, ал есептік бірліктегі құжатты алып қарайтын болсақ, 500 мыңға таяу, нақтырақ айтсақ, 473 мыңды құрап отыр. Бұл - Астана қаласының тарихи, мәдени, әлеуметтік, саяси өміріне және кейбір тұлғалардың, қала өміріне қатысты құжаттардың, деректердің орталығына айналған үлкен мекеме. Ал архивтің негізгі мақсаты болса, осы құжаттары қабылдау, сақтау және оларды пайдалануды ұйымдастыру.

- Елордалық архивте қандай құндылықтар сақталған?
- Жалпы, архивке келіп түскен құжаттардың бәрі құнды. Себебі архивке мекемелердің құжаттары келіп түспес бұрын, ғылыми-техникалық зерттеу жүргізіледі. Мәселен, мекеменің тарихына, жұмысына, жеке құрамы, хат алмасулар зерттеле отырып сақталады. «Бізге бір ғимараттан екінші ғимаратқа көшуге рұқсат беруді сұраймыз» деген сияқты құжат емес, нақты үлкен проблемалар жазылатын хаттарды тұрақты сақтауға аламыз. Бұларға архивке келіп түскеннен кейін де, терең зерделеу жасалады. Арнайы комиссия арқылы маңыздылығы анықталады. Қаланың құрылу тарихына қатысты құжаттар, заманында қаланың қоғамдық өміріне етене араласқан тұлғаларға қатысты мәліметтерді ерекше хаттардың құрамына жатқызамыз. Архивте қаладағы мекемелердің негізгі құжаттары сақталатын болса, сол құжаттар арқылы елорданың тарихы да көрініс табады.

- Осы құндылықтардың арасынан елорда тарихын паш ететін қандай деректерді атар едіңіз...
- Астанада шаһар тарихына қызығушылық танытқандарға таныстыратын көне Ақмоланың тыныс-тіршілігінен хабар беретін бірқанша тарихи ғимараттар немесе олардың орындары сақталған.
Қалада провослав мешіттерімен қатар, мұсылман мешіттері болған. Соның ішінде ең бір аты шыққан белгілісі - ескі мешіт. Бұл - Ақмола округінің алғашқы аға сұлтаны болған Қоңырқұлжа Құдаймендиннің қаражатына 1838-1842 жылдары тұрғызылған мешіт. Ғибадатхана қазіргі Иманов және Әуезов көшелерінің қиылысында орналасты. Алайда мешіт 1920 жылғы алапат өрт кезінде түгелдей жанып кетеді. Мешітті салуға қатысты архивте аға сұлтанның сұраныс хаттары сақталған.
Одан кейінгі «Жасыл мешіт» – Қоңырқұлжаның мешітінен кейін қалада тұрғызылған екінші мұсылмандық ғибадат үйі. Халық арасында «Татар мешіті» деп те аталған. Себебі ол татар көпесі Нүркей Забировтің қаражатына тұрғызылған еді, ал «жасыл» деп аталуы – шатырының жасыл түсті болуынан. Жасыл мешіттің орны - қазіргі Республика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысы. Өкінішке қарай, бұл күнге дейін қоршауы ғана сақталған. Әктелген, бағандарының ұшбұрышты қалпағы көк сырмен сырланған тас қоршауды көрсеңіз, бұл сол байырғы «Жасыл мешіттің» жұрнағы деп біліңіз.
Ақмола тарихында Ақмола өңірінен шығып, «Бірінші гильдия көпесі» атанған Қосшығұловтар әулеті де салмақты орын алады. Олардың аты, тіпті, Петерборға дейін мәлім болған.
Аңыз бойынша, Баймұхамбет Қосшығұловтың үлкен баласы Құрманғали Германияға барып, автомашина жарысына қатысқан екен. Сол жақтан алғаш көлікті көріп, Ақмолаға әкеледі. Елде жоқ жаңа техникаға қызыққан осы өңірдің бай көпесі Кубрин автомобильді өзіне сатуға қолқа салады. Әрине, Құрманғали округтің абыройлы азаматының сөзін жерге тастамайды. Бұл туралы зерттеуші, тарихшы, өлкентанушы Ерлан Күзекбаев «Инфо-Цес» газетіне жазған. Кейін Қосшығұловтың тұңғышы автомобиль зауытын ашу жұмысын бастаған екен. Алайда одан кейін төңкерістер басталып, бұл тек қана арман күйінде қалады. Осы және басқа тұлғаларға қатысты фотодеректер Ақмола өңіріне мәлім, алғашқы фотограф Константин Шахов қалдырған фотосуреттерден көрініс тапқан.
Баймұхамбет Қосшығұловтың сол кезеңде кәмпит-тоқаш фабрикасы, «тас дүкені» деп аталып кеткен «лавкалары» болса, солардың қасбеттері, ондағы жұмысшы ұжымы Шаховтың фотоаппараты обьективі арқылы мәңгілікке естелік болып қалды.
1914-1918 жылдары салынған диірменші Петр Моисеевтің үйі күні бүгінге дейін сақталып қалды. Қала қонақтарының баратын жері. Бұрынғы «Торговая» көшесі, қазіргі Әзірбайжан Мәмбетов көшесінде тұр. Бұған қатысты Есіл өзені бойында бидайдың шығымы мол болмағанмен, дақылының қаттылығы бойынша ең мықты, жоғары сұрыпты болып саналған деген дерек бар. Тіпті, осыған қатысты ресейліктер патшаның ас дайындайтын жеріне әдейі апарып отырған деген де аңыз жеткен. Ал егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысқан тұрғылықты елге бидайын ұн қылып тарту үшін Моисеев сияқты Ресейден келген көпестер көмектескен екен. Ол елінен техникалар алдырып, осы жерге диірмен салыпты. Дегенмен Моисеевтің диірмен үйіне қатысты құжат жоқ.
Сол сияқты қазіргі таңда біздің зерттеушілерімізге, қонақтарымызға көрсете алатын тарихи ғимараттардың бірі - Шестаковтың қызыл диірмені. Бұл ғимарат әлі күнге дейін бар.
Сонымен қатар ағайынды көпес Халфиндердің жергілікті халыққа көп қолғабысы тиген. Сауда керуеніне шыға алмайтын, мүмкіндігі жоқ жандардың малын қажетті затына айырбастап әкеліп беріп тұрған. Халфиндердің үйлері бүгінгі заманымызға жетпегенмен, орындары қайда екені нақ басып көрсете аламыз. Фотосуреттері сақталған.
Ал Ақмола халқына Кубрин әулетінің есімі кеңінен танымал. Оның ескі сәулет өнерінің көзіндей болып сақталған үйі қаламыздың көрнекті көшелерінде тұрғаны көпке белгілі. Бұл туралы мынадай аңыз бар: көпес Матвей Кубрин Петерборда бір қызға ғашық болып, сол жанға көңілін білдіреді-мыс. Оған петерборлық бойжеткен қаладағы бір сәулеті келіскен үйді көрсетіп, «сіз тұратын жерде дәл осыған ұқсас үй салып берсеңіз, ұсынысыңызды қабыл алар едім» деп назын білдіреді. Көп ұзамай, көпес Ақмоладан болашақ жары айтқан үйдің көшірмесін тұрғызған екен деседі.
Кубрин бай көпес қана емес, Қалалық Думада басшылық қызметте болған, аумаққа билігі жүріп тұрған жан болған. Осыған байланысты аурухана, мектеп, өрт сөндіру орындары, диірмендер салуға қатысты мәселелерге етене араласқан. Сондықтан ол туралы құжат та біршама.
Міне, архивіміз бұларға байланысты немесе жанама қатысты құжаттардан бөлек, естеліктермен де құнды. Біз айтқан және басқа да тарихи тұлғаларға қатысты естеліктер - Астана тарихын зерттеу жұмыстарының нағыз қайнар көзі болып отыр деп айта аламыз.
Осының барлығы - Астана қаласы мемлекеттік архивінің құжаттарының негізі, шаһар тарихының, онымен байланысты ел тарихының бастауы болады деп айта аламыз.

- Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері шетелдерден қандай тарихи құжаттың көшірмесі жеткізілді?
- Бұл бағытта Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2016 жылдан бастап өте ауқымды іс тындырылған. Көршілес Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінің архив мекемелерінде зерттеу жұмыстары жүргізілген. Бұл құжаттар қорда сақталған. Солардың ішінде қызығушылығымызды тудыратыны - 1832 жылы Ақмола округі құрылғанда оның алғашқы аға сұлтаны болып сайланған Қоңырқұлжа Құдаймендин және оның ұлдарын 1837-1847 жылдары Ресей империясының отарлық саясатына қарсы көтерілісті бастаған Кенесары Қасымұлына көмектескені үшін тергеу туралы арнайы құжат. Тарихи мәліметтерде сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушылардың басты қарсыласы болғаны жазылады. Ал бұл құжатқа зер салсақ, керісінше ұлт-азаттық көтерілістің көсеміне көмектескені үшін қудаланғаны көрінеді. Қарап отырсақ, ұлт ұландарының қай-қайсысы да «қазақ халқының туын көкке желбіретсем, басына бақ орнатсам» деген ортақ арман-мақсатқа ұмтылған. Бірақ әртүрлі жолды таңдаған. Кенесары Қасымұлы жеке хандық құрып, қазақты жеке мемлекет ретінде дәуірлетсем десе, Қоңырқұлжа Құдаймендин Патша үкіметіне арқа сүйей отырып, олардың ғылымын, еңбегін пайдалана отырып, қаланы дамытып, елімізді бақытқа жеткізсем деген ойы болғанға ұқсайды.
Одан кейін Қалалық Думаға қатысты құжаттар көп әкелінген. Онда қала өміріндегі сәулет, ауыл шаруашылығы, медицина, білімге байланысты материалдар бар. Мәселен, құрылысқа қанша кірпіш бөлінеді, төбесін жабатын ағаштарды қайдан қиып әкелу керек – бәрі қатталған.

- Ал осы құнды құжаттарға ғалымдар тарапынан сұраныс көп шығар...
- Жалпы, осы тарихты сақтайтын қастерлі орында Ақмола қаласына, Қараөткел даласына қатысты хаттар 1737 жылдан басталады. Бұл – шетелден әкелінген құжаттар. Ал негізгі өзіміздің қалыптастырып жатқан құжаттар 1915 жылдан басталады. Яғни Патшалық Ресей кезеңінен. Одан кейінгі құжаттардың қалпын қамтитын Кеңестік кезеңдегі құжаттар және 1991 жылдан бастап тәуелсіз Қазақстанға байланысты, яғни бүгінгі күнімізді дәріптейтін құжаттар. Осы құжаттарға қала бойынша, еліміз бойынша, шетел бойынша қызығушылық танытушылар өте көп. Неге десеңіз, бұл жерде кезінде үлкен сауда орталығы болса, соғыстан кейін тың игерушілер орталығы болды, одан кейін тәуелсіз Қазақстанның орталығына айналып отыр. Сондықтан құжаттарымызға шетелдіктерден сұраныс көп.
Архивке жылына 10 мыңнан аса сұраныс келіп түседі. 300-ге жуық зерттеуші өздері қызығушылық танытып, оқу залында отырамыз деп келеді. Ал жастар жағы көбіне қашықтан сұраныс беріп, қажетті материалдарын электронды түрде алдыра алады. Соның бәрін қамтығанда, бізде 1000-нан астам сұраныс түсіп тұр. Бұл архивтің мүмкіншілігінің артқанын көрсетеді. Көп жағдайда архивке физикалық келудің қажеті бола бермейді, өйткені құжаттардың барлығы цифрландырылған, заманауи әдіспен, қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік жасалған.

- Бас қаланың баға жетпес деректерін сақтаудың ерекше тәсілдері бар ма?
- Арнайы комиссиямыз арқылы мекемелерден сақтауға жататын құжаттарды қабылдағаннан кейін, біз оның ұзақ жыл сақталуын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл үшін түпнұсқаның көшірмесі дайындалады. Сақтық қорын жасаймыз. Ол бөлек қалада, бөлек жерде сақталуы керек. Пайдалану деген ауқымды бағытқа зерттеулер мен сұраныстарды қамтамасыз ету жатады. Бұрын тек негатив арқылы сақтық қорын жасайтын болсақ, қазір сақтық қорының да, пайдалану қорының да цифрландырылған нұсқасы бар.
Жалпы, әке баланың алдында қалай жауапты болса, біз тарихтың алдында солай жауаптымыз. Сондықтан да бұл құжаттардың сақталу талаптары ерекше. Архив құжаттарының ішінде темекінің қағазындай жұп-жұқа қағаздардар да бар, қалың плакаттар да бар, қазіргі қолданыстағы қағаз да бар, кеңестік кезеңдегі сары қағаздар да бар. Құжаттар тек қағаз түрінде ғана емес, аудио, видео, кино құжаттары түрінде кездеседі. Сондықтан да ол құжаттардың сақталу талаптары әртүрлі. Мысалы, біз қағаз құжаттарын 19-20 градуста сақтаймыз, ал ылғалдылық 55-60 пайыз арасында болуы керек. Оларға тікелей күн сәулесі түспеуі керек, терезелері қараңғылатылған болуы тиіс. Кей архивтерде терезе мүлдем болмайды немесе люминесцентті арнайы шамдар пайдаланылады. Бұл - белгіленген, дәлелденген талаптар.
Мекеме «Архив-2025» бағдарламасы аясында қала әкімдігінің қолдауымен еліміздің көптеген өңірлерінде жоқ құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мәселен, құжат келгенде сақтап қоятын қап, одан соң шаң-тозаңнан арылтатын шаңсорғыш, ламинаттайтын арнайы материал, кесетін құрылғы, ыстықтай құжатты өз формасына әкелетін үтік, реставратордың арнайы жарықты үстелі, құжаттарды сақтайтын қораптарды істейтін үлкен әмбебап құрылғы архив қорының өз деңгейінде сақталуына зор мүмкіндіктер беріп отыр. Құжат, карталарға арналған сканерлер - еліміздегі бізден басқа архивтерде жоқ деп айтуға болады. Бас қаланың архивіне аса көңіл бөлу заңдылық та. Өйткені 1995 жылы құрылған Астана қаласының мемлекеттік архиві бүгінде елорданың ғана емес, барша еліміздің тарихи, мәдени, саяси дамуының айнасына айналды.
Отызжылдық мерейлі тарихында мекеме сан мыңдаған құнды құжаттарды жинақтап, ұлт жадысын сақтауда айрықша рөл атқарып келеді.

- Ендеше, көне қазақ шаһарының шежіресін тарқататын қасиетті орынның жұмысына толағай сәттілік тілейміз! Архившілер күні құтты болсын!
