Елордада мыңдаған жас «Жас сарбаз» қатарына қосылуда - Айдархан Маханбет

7 мамыр, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада мыңдаған жас «Жас сарбаз» қатарына қосылуда - Айдархан Маханбет
Фото: Айдархан Маханбеттің жеке мұрағаты

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні елімізде ерекше мәнге ие. Бұл күні тек ел тыныштығын күзеткен сарбаздарға құрмет көрсету ғана емес, сонымен қатар, жас буынды отансүйгіштікке баулудың маңызы зор. Осы бағытта белсенді жұмыс атқарып келе жатқан ұйымдардың бірі – «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы. Ұйымның негізгі мақсаты – жастарды елін сүйетін, Отанын қорғауға дайын, жауапкершілігі жоғары әрі тәртіпті азамат етіп тәрбиелеу. Бұл туралы Elordainfo.kz тілшісіне қозғалыстың Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы Айдархан Маханбет айтып берді. 

Спикердің сөзінше, бүгінгі күні «Жас сарбаз» қатарында республика бойынша 300 мыңға жуық тәрбиеленуші бар. Ал елордада жыл сайын мыңнан астам жас қозғалысқа қосылып, әскери-патриоттық бағыттағы алғашқы тәжірибесін жинақтауда.

«Елордадағы қозғалыс республикалық бастама негізінде құрылып, бүгінде білім беру мекемелері мен әскери құрылымдардың қолдауымен жүйелі түрде дамып келеді. Ұйым мектептер мен колледждер жанындағы арнайы клубтар арқылы жұмыс жүргізеді. Қатысушыларға қойылатын басты талап – ниет, тәртіп және белсенділік. Сонымен қатар, олардың денсаулығы мен оқу үлгерімі де назарға алынады. Қозғалыс аясында жастар тәртіпке үйреніп, өз-өзіне деген сенімін нығайтады. Командалық жұмыс арқылы олар бір-біріне қолдау көрсетуді, көшбасшылық пен жауапкершілікті меңгереді. Нәтижесінде қоғамға пайдалы, белсенді азамат болып қалыптасады. Бұл ретте әскери-патриоттық тәрбиенің маңызы зор, себебі ол ұлттық қауіпсіздік пен ел болашағының негізін қалайды», - деді Айдархан Маханбет.

«Жас сарбаз» мүшелері саптық және алғашқы әскери дайындықтан өтіп, дене шынықтырумен айналысады, тактикалық жаттығуларға қатысады. Сондай-ақ әскери-спорттық жарыстарда бақ сынап жүр. 

«Бұдан бөлек, жастар алғашқы медициналық көмек көрсету, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету, карта мен компасты пайдалану, уақытты тиімді басқару сияқты өмірде қажет дағдыларды меңгереді. Бүгінде қозғалыс тәрбиеленушілері түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, ел намысын қорғап жүр. Көптеген жас осы бағыт арқылы әскери оқу орындарына түсіп, кәсіби жолын таңдауда», - деген ойымен бөлісті.

Айдархан Маханбет 7 мамыр мерекесі «Жас сарбаз» үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті.

«Бұл күні олар Отан алдындағы жауапкершілігін арттырып, болашақтағы мақсаттарын айқындай түседі. Мерекеге орай әскери-патриоттық жиындар, саптық көрсетілімдер, кездесулер, ашық сабақтар мен жарыстар ұйымдастырылады. Мұндай шаралар жастардың елге деген сүйіспеншілігін күшейтіп, батырлардың ерлігін үлгі етуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта қозғалысты кеңейту, жастарды көбірек тарту, заманауи технологияларды енгізу және халықаралық тәжірибе алмасуды дамыту көзделіп отыр. Қозғалысқа қосылғысы келетін жастарға айтарым, батыл болуға және алғашқы қадам жасаудан қорықпауға кеңес беремін. Себебі, «Жас сарбаз» – тек әскери бағыт қана емес, тұлғалық дамуға жол ашатын маңызды мектеп», - деп сөзін қорытындылады «Жас сарбаз» қозғалысының елордалық филиалының төрағасы Айдархан Маханбет.