Ақтөбеде арнайы техника жеке үйдің қоршауына соғылды
Оқыс оқиға 27 қаңтарда Ақтөбе қаласында Сәңкібай батыр даңғылында болған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жеңіл көлік алдына кенет шыққанда жылдамдығын тежей алмай кілт бұрылған «ГАЗ» (көтергіш) бордюрден асып өтіп, жеке тұрғын үйдің қоршауына тіреліп тоқтаған.
«Полиция Жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасын қарап, жол апатына жеңіл автокөлік JAC маркасының жүргізушісі кінәлі екенін анықтады. Аталған машина екінші жолақтан шығып, үлкен «ГАЗ» көлігіне кедергі келтірген», делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері жеңіл автокөлік жүргізушісін тауып, оған екі әкімшілік хаттама толтырды. Материалдар сотқа жолданды.
Еске салсақ, Астанада үш көлік соғылған жол апаты болып, екі адам қаза тапты.