Ақмола облысында полицейлер корпоративтен кейін аязда адасып қалған тұрғынды құтқарды
Бұланды ауданында түн уақытында жергілікті дәмханалардың бірінен полицияның кезекші бөліміне қоңырау түсті. Мерекелік кеште қонақтардың бірі сырт киімсіз, бір жейдемен далаға шығып кеткен. Сол сәтте далада қатты аяз болған, деп хабарлады Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Уақыт жоғалтпай полиция қызметкерлері іздеу жариялап, Бұланды аудандық полиция бөлімінің жеке құрамына дабыл көтерді. Іздеу жұмыстары бірнеше көше мен аулаларда қатар жүргізілді. Ауа температурасы –30 градустан төмен түсіп, ер адамның ауа райына сай киінбегені полицейлерді қатты алаңдатты. Көп ұзамай жоғалып кеткен азаматтың Щучинск қаласының тұрғыны екені және мерекелік шараға келгені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін ол адасып, белгісіз жаққа кетіп қалған.
«Екі сағатқа созылған қарқынды іздеу жұмыстары нәтижесінде ер адам аудан көшелерінің бірінен тоңған әрі шок күйінде табылды. Полицейлер оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жылытып, жақындарына жеткізді», - делінген хабарламада.
Кейін құтқарылған азамат полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді. Ол экстремалды ауа райы жағдайында өмірін сақтап қалуға дәл осы полиция қызметкерлерінің жеделдігі мен бейжай қарамауы себеп болғанын атап өтті.
Еске салайық, бұдан бұрын Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасағанын хабарладық.