Алып құрақ көрпе тіккен қазақстандық ісмерлер әлемдік рекордтар кітабына ресми түрде тіркелді

Алып құрақ көрпе тіккен қазақстандық ісмерлер әлемдік рекордтар кітабына ресми түрде тіркелді
Фото: Василий Крась

Әлемдегі ең үлкен құрақ көрпені тіккен қазақтың қолөнершілері халықаралық деңгейде рекорд орнатып, Global Book of Records (GBR) әлемдік рекордтар кітабына ресми түрде тіркелді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазақы ою-өрнектерді әдемі кескінмен кестелеп, ұлттық жәдігерімізді ұлықтауды мақсат еткен ісмерлерді марапаттау рәсімі Астанадағы Достық үйінде өтті. Құрақ көрпешілерге әлемдік рекорд сертификаты мен медальдар салтанатты түрде табысталады. 

«Аламан құрақ» жобасының авторы Нұргүл Абайхан қазақ халқының дәстүрлі құрақ өнерін әлемге танытып, ұлттық мәдени мұраны халықаралық деңгейде насихаттауға зор үлес қосқан қолөнер шеберлеріне зор ризашылығын жеткізді.

«Қазақ елінің әр өңірінен 660 құрақшы теңдесі жоқ жобаға қатысып, әлемдік рекорд жасады. Инелерін қару қылып, ұлттық құндылығымызды көздің қарашығындай сақтаған асыл аналарымыздың, әжелеріміздің есімдері әлемдік ректордтар кітабында алтын әріппен жазылды. «Аламан құрақ» жобасында астаналық шеберлердің үлесі зор», - деді Нұргүл Абайхан.

Алып көрпені тігуге қатысқан 660 шебердік төртеуі ғана – ер адам. Соның бірі 91 жастағы ақсақал Сапарбай Кабжанов жиынға қатысушыларға ақ батасын берді.

Ал екінші ер адам – Астана тұрғыны Марат Жекенов. Тігін ісімен 2023 жылдан бері әуестенген ол 20 жылдан бері «Астана тазалық» кәсіпорнында жұмыс істейді. Оның зайыбы Жеңісқан Бащибекова «Аламан құрақ» жобасының Астана қаласы бойынша көшбасшысы болып сайланған.

«Біз құрақ көрпені ши құрақ бойынша тігеміз. Бұл – Нұргүл Абайханның жобасы. Бәріміз бір материалмен, бір үлгімен жұмыс істейміз. Қазақтың ісмерлерінің әлемдік рекорд орнатуы бірліктің арқасында деп ойлаймын. Алып құрақ көрпелеріміз бір адамның қолынан шыққандай болды», - деді Жеңісқан Бащибекова.

Айта кетейік, қолөнер шеберлері алғаш рет 2023 жылы Қазақстанның рекордтар кітабына енген. Сол кезде 200 ісмер елордадағы Қазақ елі монументінің жанында 500 метрлік көрпені жайған.

2024 жылы күллі түркі әлемі көз тіккен дүбірлі дода 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Қазақстанның 20 өңірінен 450 шебердің басы қосылып, тағы да қазақтың алып құрақ көрпесін тігіп, 89 елден келген қонақтар алдында өз өнерлерін паш еткен.

Ал 2025 жылы Алматы қаласындағы Медеу мұзайдынында өткен іс-шараға 660 құрақ көрпеші қатысып, әлемдік рекорд орнатты.

Биыл құрақ көрпешілер Өскемен қаласында өтетін іс-шарада мың адам болып қатыспақ.

Бұған дейін Астанада қазақы нышандағы эко-шыршаның жаңартылған нұсқасы бой көтергенін жазған едік.