Алматыдағы 2008 жылғы кісі өлтіру: айыпталушы 15 жылға сотталды
Қылмыс жасалғаннан кейін 17 жыл өткен соң Алматыдағы резонанс тудырған кісі өлтіруге қатысушыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Ю. Юсупов ұзақ жылдар бойы Қазақстаннан тыс жерде жалған анкеталық деректермен жасырынып жүрген. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қылмыс 2008 жылғы 19 мамырға қараған түні Алматы қаласының орталығында жасалған.
Сот анықтағандай, Юсупов пен оның сыбайласы А. Коваленко қылмыстық орта өкілімен жанжалдасып, жәбірленушіні Фурманов көшесіндегі үйдің жанында аңдыған. Оған бірнеше рет дәлдеп оқ атылған, соның ішінде басының желке тұсына оқ атылған. Алған жарақаттарынан ер адам оқиға орнында қаза тапқан.
Кісі өлтіруден соң Юсупов Қазақстаннан кетіп, халықаралық іздеуге жарияланған.
Оның сыбайласы Коваленко қылмыстық әрекетін жалғастырған. 2008 жылдың жазында ол Қапшағайдағы «Старая крепость» демалыс аймағында болған қарулы оқиғадан кейін ұсталды. Оқиға барысында полиция қызметкері қаза тауып, тағы төрт адам ауыр жарақатанған. 2009 жылы Коваленко 23 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал Юсуповты іздеу жұмыстары жалғасты.
Ақпаратқа сәйкес, қылмыстық ортада ол «Кинг-Конг» лақап атымен белгілі болған және қырғызстандық белгілі қылмыстық авторитеттың айналасына кірген. Қырғызстанның құқық қорғау органдары да оны 2007 жылы Бішкек қаласында көлік жуу орнының иесін өлтіру ісіне байланысты іздестірген.
Көп жыл бойы Юсупов Еуропа елдерінде өзгертілген анкеталық деректерді пайдаланып жасырынған. Алайда 2025 жылғы тамызда Литва шекарасынан өту кезінде ол ұсталып, қараша айында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Литвадан елге экстрадицияланды.
«Биыл шілде айында Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Юсуповты адамдар тобының алдынала сөз байласуы арқылы жасалған кісі өлтіруге көмектескені үшін кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - делінген хабарламада.
Прокуратура мәліметінше, шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен тікелей байланыстарды кеңейту, ақпаратпен жедел алмасу және халықаралық іздестірудің заманауи тетіктерін пайдалану жылдар бойы Қазақстанның сот төрелігінен жасырынып жүрген адамдардың орналасқан жерін анықтап, елге қайтаруға мүмкіндік береді.