570 мың қазақстандық Skills Enbek платформасында білім алды

Бүгін, 09:38
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
570 мың қазақстандық Skills Enbek платформасында білім алды
Фото: freepik.com

2025 жылы Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында 570 мың азамат, оның ішінде 53,5 мың жұмыссыз онлайн-курстарды сәтті аяқтап, сертификаттарға ие болды, деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Платформада бүгінгі таңда барлығы 1,5 млн-нан астам пайдаланушы бар. Олардың 925,7 мыңы – 2025 жылы тіркелді. Ал Skills Enbek іске қосылғаннан бері жалпы шамамен 1,2 млн адам білім алды.

«Оқытылған 56,6 мың жұмыссыз азаматтың шамамен 16,9 мыңы – 16-35 жас аралығындағы жастар. Олар негізінен Түркістан (3,5 мың адам), Қостанай (2,8 мың), Қызылорда (2,5 мың) облыстарынан, сондай-ақ Алматы қаласынан (2,3 мың) және Алматы облысынан (2,2 мың) шыққан. Сонымен қатар, 2025 жылы Skills Enbek платформасында сертификат алған жұмыссыздардың 56%-дан астамын әйелдер құрайды (32 мың адам). Әйелдердің ең жоғары үлесі Түркістан (3,5 мың), Қостанай (2,8 мың), Қызылорда (2,6 мың) облыстарында, сондай-ақ, Алматы қаласы мен Қарағанды облысында (әрқайсысында 2,3 мың адам) тіркелген», - деп жазылған министрліктің хабарламасында.

2025 жылы білім алғандардың шамамен 26 мыңы – ауылдық жер тұрғындары. Олардың басым бөлігі Түркістан (3,2 мың), Қызылорда (2,9 мың) және Алматы (2,6 мың) облыстарынан.

Платформа іске қосылған сәттен бастап авторлар түрлі бағыттар бойынша 1 000-нан астам курс жариялады, олардың 382-сі – тегін. Сондай-ақ, Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестерінің курстары ұсынылып, білім алушыларға осы білім беру алаңдарында оқуды жалғастыру мүмкіндігі қарастырылған.

Курстардың ұзақтығы 1 сағаттан 72 сағатқа дейін.

«2025 жылы ең танымал курстар қатарында: «IT және телекоммуникациялар», «Аспаз-кондитер», «Сенің мансаптық бастамаң: «Электрондық еңбек биржасын» қалай пайдалануға болады» қалай пайдалануға болады», «Персоналды басқару», «Пішу және тігу» болды. Skills Enbek платформасында әлеуметтік қызмет көрсету және басқа да бағыттар бойынша тегін курстардың саны тұрақты түрде артып келеді», - делінген ақпаратта.

Бұған дейін елорда мектептерінде балалары мемлекеттік тілде оқитын аналарға қазақ тілі курстары өтіп жатқанын жаздық.