Елорда мектептерінде балалары мемлекеттік тілде оқитын аналарға қазақ тілі курстары өтіп жатыр

10 қаңтар, 2026
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Елорда мектептерінде балалары мемлекеттік тілде оқитын аналарға қазақ тілі курстары өтіп жатыр
Фото: freepik.com

Оқу-әдістемелік орталықтың бастамасымен елорданың бірқатар мектебінде балалары мемлекеттік тілде оқитын аналарға арнап қазақ тілі курстары ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жоба орыс тілді ортада тәрбиеленіп жүрген отбасыларды қолдау мақсатында жүзеге асырылып отыр.

Жоба өткен жылдың қыркүйек айынан бері іске асырылып келеді. Аталған жұмыстың алғашқы нәтижелері Оқу-әдістемелік орталық пен қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тарапынан №28 мектеп-лицейінің базасында өткен «Тілдік орта: отбасы және қоғам» атты іс-шара барысында таныстырылды. Кездесуге елордалық мектеп оқушыларының ата-аналары қатысты.

«Қызым екінші сыныпта оқиды. Алғашында қиналып қаламыз ба деп қорықтық. Кейін мұғалімдермен сөйлесіп, олардың қолдауын сезінген соң баламызды қазақ сыныбына бердік. Қазір өзім де курстарға қатысып жүрмін. Бұл бізге үй тапсырмасын орындауға, баламның қатарластарымен еркін араласуына көмектеседі. Жоба тек тіл үйретіп қана қоймай, ата-аналарды бір-біріне жақындатады. Біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, білімімізді бөлісеміз. Курстарға жазылу арқылы ең алдымен өзіме және балама оқу бағдарламасын меңгеруге көмектесіп жатырмын. Осылайша, балаларымызға қазақ тіліне деген құрметті өз үлгі­мізбен көрсетеміз», - деді оқушының анасы Анна Гильмиярова.

Көптеген ата-ана үшін бұл курс қарым-қатынас орнататын ортаға айналған.

«Мемлекеттік тілді меңгеру мен үшін – өте маңызды, себебі балам қазақ сыныбында оқиды. Қызым жаңа достар тапты, ал мен үшін әрдайым көмектесуге дайын ата-аналар мен мұғалімдер ортасы қалыптасты. Бәріміз бір мақсатқа бірге, ұйымшыл түрде қадам басып келеміз», -  деді Наталья Швецова.

Жоба қала әкімдігінің, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

«Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылықты арттыру. Қазіргі таңда жобаға 16 мектептен 189 ата-ана қатысып жатыр. Сабақтар аптасына үш рет онлайн және офлайн форматта өтеді, бір сабақтың ұзақтығы – 60 минут. Бұл бастама мұнымен шектелмейді. Алдағы жылдары жобаға басқа да ата-аналар қатысады, ал қазір оқып жатқан қатысушылар төртінші сыныпқа дейін білім ала алады», - деді қалалық Оқу-әдістемелік орталықтың қызметкері Жанар Сейтахметқызы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама аясында ата-аналар мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, баласының әлеуметтік-мәдени ортаға бейімделу үдерісіне де белсенді түрде араласады.

Бұған дейін Астанада қазақ тілін тегін үйрететін курсқа жазылу басталғанын жаздық.