36 мыңнан астам талапкер қаңтар ҰБТ-сын тапсырды
10 қаңтарда басталған ҰБТ-ны бүгінгі күнге дейін 36 мыңнан астам адам өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, талапкерлердің 64%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 36%-ы орыс тілінде және 52 адам ағылшын тілінде тапсырған.
Бірінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 60,3%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 57 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 131 балл.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 156 талапкер қатысқан.
Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.
«ҰБТ-ны өткізудің бірінші аптасында 94 ереже бұзушылық анықталды. 56 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 38 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, тестілеуге қатысуға 187 мыңға жуық өтініш келіп түсті.
Бұған дейін ҰБТ кезінде аудиторияда неге тыйым салынады және неге рұқсат етілетінін жаздық.