Биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстандағы меймандарды орналастыру орындары 7,8 млн адамды қабылдаған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,4 пайызға артты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, меймандардың басым бөлігі Алматы (1,8 млн), Астана (1,1 млн), сондай-ақ Алматы және Ақмола облыстарының қонақүйлерінде (әрқайсысына 530 мың адамнан) орналасқан.
Қонақтардың 48,6% мейрамханасы бар қонақүйлерде, 27% мейрамханасы жоқ қонақүйлерде, ал 14% коттедждер, шағын үйлер мен пәтер түріндегі тұру орындарында тоқтаған.
Барлық келушілердің 13,9 пайызы шетел азаматтары болса, олардың 53,6 пайызы Қазақстанға жеке мақсатпен, қалғаны іскерлік сапармен келген.
Статистикалық мәліметке сәйкес, елге келген шетелдіктердің басым бөлігі – ресейліктер (333,3 мың адам), қытайлықтар (182,7 мың адам) және үндістандықтар (93,4 мың адам).
«Елімізде қонақтарды орналастырумен айналысатын объектілердің саны 4 499, онда барлығы 95 035 нөмір бар. Қаңтар-қыркүйек айларында барлық тұру орындары көрсеткен қызмет көлемі 268 млрд теңгені құрады», - делінген хабарламада.
Бұған дейін Астанада медициналық туризмнің даму қарқыны жайлы жаздық.