Ұландықтар жанып жатқан үйден тұрғындарды құтқарды


Қызылордада Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жанып жатқан үйден тұрғындарды құтқарды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, патрульдеу кезінде әскери жасақ Әбілхайыр хан көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінің терезесінен шыққан қою қара түтінді байқап, дереу әрекетке көшті. Лейтенант Жасұрбек Абдуллаевтың басшылығымен олар өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметкерлеріне қосылып, тұрғындарды эвакуациялауға кірісті.
Сержант Мәлік Қолғанат пен қатардағы жауынгер Әбдібек Саматтың бастамасымен ұландықтар адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, көмек көрсетті. Өрт шыққан аумақты қоршауға алу үшін жақын маңдағы әскери жасақтар жұмылдырылып, оқиға орнына адамдар мен көліктердің кіруіне шектеу қойылды.
«Қою түтін тұрғын үйдің ішін түгел жауып тастады. Нәтижесінде арнайы құрал-жабдықсыз ішке кіру мүмкін болмады. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тұрғындарды сыртқа шығарып, бізге тапсырды. Біз оларды қауіпсіз жердегі медицина қызметкерлеріне жеткіздік», - деді рота командирінің орынбасары Жасурбек Абдуллаев.
Әскери қызметшілер өрт толық сөндіріліп, адам өмірі мен денсаулығына төнген қауіп жойылғанға дейін оқиға орнында кезекшілік атқарды.



