Жыл басынан бері теңге бағамы 2,4 пайызға нығайды – Ұлттық банк
Жыл басынан бері теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 512,57 теңгеге дейін, яғни 2,4 пайызға нығайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бағамның ағымдағы динамикасы негізінен жүргізіліп жатқан дезинфляциялық саясат шеңберіндегі орташа қатаң ақша-несие шарттарына байланысты. Бұл теңгелік активтердің тартымдылығын шетелдік инвесторлар арасында да арттыра түсті. Осылайша, резидент емес тұлғалардың ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарға салған портфельдік инвестицияларының көлемі жыл басынан қараша айына дейін шамамен 750 млрд теңгеге, ал қараша айында 340 млрд теңгеге ұлғайды», – деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, ұлттық валюта бағамын қолдау Ұлттық банктің шетел валютасын сатуы есебінен де қамтамасыз етілуде. 2025 жылдың басынан қарашаға дейін Ұлттық қордан бюджеттік трансферттер шеңберінде $7,8 млрд сатылды, бұл ретте соның орнын толтыру мақсатында алтын сатып алу жөніндегі операциялар көлемі $6,1 млрд-ты құрады.
Бұған дейін Тимур Сүлейменов Қазақстанда жылдық инфляция деңгейінің төмендегенін айтқан еді.