Биылғы 11 айда Қазақстан экономикасы 6,4 пайызға өсті – Үкімет

Биылғы 11 айда Қазақстан экономикасы 6,4 пайызға өсті – Үкімет
Фото: Үкімет

Биылғы 11 айда ЖІӨ өсімі 6,4 пайызға жетті. Бұл туралы Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Президенттің сапалы дамуды қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде ел экономикасы сенімді өсу қарқынын көрсетуде. Негізгі драйверлер өсімі 7,3 пайыздан 7,4 пайызға дейін жеделдеген өнеркәсіп пен 6,1 пайызға ілгерілеген ауыл шаруашылығы болды. Тұрақты дамуды нақты экономиканың басқа секторлары да көрсетіп отыр. Атап айтқанда, көлік саласы 20,3 пайызға, құрылыс 14,7 пайызға өсті, ал сауда 8,8 пайызға артты.

«Экономика сыртқы жағдайларға бейімделіп, тұрақты даму жолына түсті. Біз базалық салаларда жеделдеу барын көріп отырмыз, бұл әлеуметтік міндеттемелерді орындау және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін берік негіз қалайды», - деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.