«Әрбір ұстаз бен оқушыға ізденуге, шығармашылық қабілетін дамытуға барлық жағдай жасалған» – «Келешек мектебі» директоры
Президент тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа форматтағы инновациялық мектептер жұмыс істеп жатыр. Осындай мектептердің бірі – Астанадағы №105 жалпы білім беретін «Келешек мектебі». Мектеп директоры Мейірім Ашудың айтуынша, мектеп толық заманауи жабдықтармен, смарт-кабинеттермен, ІТ, STEM, робототехника сыныптарымен жабдықталған, бейнебақылау, күзет те бар. 2000-нан астам шәкіртті білім нәрімен сусындатып отырған оқу ордасының директоры Мейірім Ашу өзі басқаратын мектеп туралы бізге аз-кем әңгімелеп берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

- Мейірім Ашуұлы, сіз басқаратын 105 жалпы білім беретін «Келешек мектебі» екен. Осы мектепте оқу процесі қалай жүргізіліп жатыр? Оқушылардың білім алуына, ұстаздардың оқу процесінде шығармашылық дағдыларын дамытып, жаңашыл бағытта жұмыс істеуіне жағдай жасалған ба?
- 105 жалпы білім беретін мектепте 2040 оқушы білім алады. Мектебімізде әр баланың білім алуына жағдай жасау үшін барлығы қарастырылған. Материалдық-техникалық база, жаңа технологиялар, білікті мұғалімдер - барлығы бар. Әр баланың психологиялық тұрғыдан қысымға ұшырамай, білім алуына ерекше мән беремін. Әр кабинетте электронды тақта бар. Мұғалімдер сабақ барысында заманауи үлгідегі техниканы қолданады. Әрбір ұстаз өзінің бастамаларын, ұсыныстарын еркін айта алады, мұғалімдердің шығармашылық дағдыларын барынша дамытуына жағдай жасауға тырысамыз.

- ХХІ ғасыр - техника мен технологияның қарыштап дамыған кезеңі. Бүгінде білім сапасына қойылатын талап өзгерді. Осы орайда материалдық-техникалық база қандай?
- Материалдық-техникалық база туралы айтатын болсақ, мектеп заманауи компьютерлік сыныптармен, пәндік кабинеттермен, спорт және салтанатты шараларға арналған залмен, кітапханамен толық жабдықталған. Робототехника, STEM зертханалары және ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларымызға арнайы сенсорлық және жеке жұмыс істейтін кабинеттер де бар. Қорыта айтқанда, білім алуға, ізденуге барлық жағдай жасалған деуге болады.

- Білім сапасына тікелей әсер ететін – білікті педагогтер. Кадрларды қалай іріктейсіздер? Кадр тапшылығы мәселесі жоқ па?
- Педагогтерді іріктеу конкурс негізінде жүзеге асады. Мұғалімдер біліктілік санаты, тәжірибесі және кәсіби жетістіктері негізінде конкурсқа қатысып, ұпай саны бойынша іріктеліп алынады.

- Оқу процесіндегі маңызды дүниенің бірі – оқу бағдарламасы. Осыған тоқталайықшы. Жасанды интеллект оқу процесінде қолданыла ма?
- Оқу бағдарламасы мемлекеттік стандарт негізінде, бірақ инновациялық әдістермен толықтырылған. Сабақта цифрлық ресурстар мен жасанды интеллект элементтері (бағалау, оқыту платформалары) қолданылады. Информатика пәнінен робототехника өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Жетістіктеріміз де жоқ емес. Мәселен, оның дәлелі: былтырғы оқу жылында Стамбулда өткен халықаралық сайыста 2-орын, биыл ғана қараша айында Италия мемлекеті - Рим қаласында өткен халықаралық Фабионачи сайысында екі түрлі номинация бойынша 1-орынды иелендік.

- Балалардың қауіпсіздігі толық қорғалған ба? Қауіпсіздік жүйесі қандай деңгейде?
- Мектепте бейнебақылау жүйесі, электронды журнал және Face ID жүйесі енгізілген және мектеп бойынша 236 бейнебақылау камерасы орнатылған. Мектеп ішіндегі тәртіп пен қауіпсіздік күзет қызметі және әкімшілік бақылауы арқылы қамтамасыз етіледі.
