Астанада қар күреу мен көктайғақтың алдын алу үшін не істеледі
Астанада коммуналдық қызметтер қысқы кезең басталғалы бері күшейтілген тәулік бойғы режимде жұмыс істеуде. Көлік қозғалысын және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Астана Тазалық» ЖШС қызметкерлері демалыссыз әрі тоқтаусыз еңбек етуде, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қаланы қардан тазалау жұмысы тұрғындар ұйықтап жатқан шақта-ақ басталады.
Жұмыс нақты белгіленген кезекшілік бойынша жүргізіледі. Бұл қолайсыз ауа райының салдарын барынша азайтып, қаланың негізгі учаскелеріндегі көлік қозғалысын сақтауға мүмкіндік береді.
Ең алдымен орталық магистральдар, негізгі жолдар мен көлік қозғалысы қарқынды жүретін тротуарлар тазартылады. Бұл қоғамдық және жеке көліктердің жылдам қозғалысын қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.

Сондай-ақ қоғамдық көлік бағыттары, автобус аялдамаларына, мектептерге, ауруханаларға және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарға ерекше көңіл бөлінеді. Бұдан бөлек, алаңдар, вокзал маңы және жаяу жүргіншілер қозғалысы орташа болатын тротуарлар да тазаланады.
Жиналған қар арнайы қар полигондарына шығарылады. Бұл алаңдарда нөмірлерді тану жүйесі, бейнебақылау камералары және жарықтандыру орнатылған, қарды тасымалдау мен төгу процесін толық бақылауға мүмкіндік береді.
Қар тазалаумен қатар коммуналдық қызметтер көктайғақтың алдын алу жұмысын да тұрақты түрде жүргізеді. Ол үшін техникалық тұз, тұзды ерітінді, арнайы реагенттер мен құм-тұз қоспасы қолданылады.
Қолданылатын материал түрі ауа райына және жол жамылғысының жағдайына байланысты таңдалады.
«Ерекше назар қар жауар алдында жолдарды алдын ала өңдеуге аударылады. Мұндай профилактикалық шаралар көктайғақ қаупін төмендетеді.
Коммуналдық қызметтердің жұмысы екі ауысымда, ал боранды күндері тәулік бойы ұйымдастырылады. Қар қалың жауған кезеңдерде негізгі учаскелерді уақытылы тазалау үшін жұмыс уақыты ұзартылады.
Қар тазалау процесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Алдымен жолдар көктайғаққа қарсы материалдармен өңделеді, кейін арнайы машиналар арқылы жол беті тазаланып, қар үйіндісі қалыптастырылады. Одан соң автогрейдерлер тиеуге дайындайды.
Келесі кезеңде фронтальды тиегіштер қарды самосвалдарға тиеп, полигондарға тасымалдайды. Сонымен қатар тротуарлар да тазартылып, көктайғаққа қарсы өңделеді», - делінген хабарламада.
Қысқы тазалаудағы негізгі қиындықтардың бірі – көлік қозғалысының жоғары қарқындылығы. Жол жиегіне бей-берекет қойылған автокөліктер арнайы техниканың жүріп өтуіне және жол жиегін тазалауға кедергі келтіреді. Осындай жағдайда жол қызметкерлерінің маңызы арта түседі. Жол жұмысшылары тәулік бойы бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің маңын тазалап, техника жете алмайтын аумақтардағы қарды қолмен күрейді. Сонымен қатар олар қоқыс жинау жұмысын да атқарып, қала көшелерінің тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жұмыстардың сапасы мен жеделдігі «Астана Тазалық» ЖШС тарапынан күн сайын қатаң бақылауда. Арнайы техниканың және жол жұмысшыларының қызметі қадағаланады, ал 109 қызметі арқылы түскен ескертулер мен өтініштер жедел түрде қаралады.
Бұған дейін бас травматолог елорда тұрғындарын сақ болуға шақырған болатын.