00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ұйқы режимін қалай ретке келтіру керек – маман кеңесі

14 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Ұйқы режимін қалай ретке келтіру керек – маман кеңесі
Фото-коллаж: Elorda.info

Ғалымдардың айтуынша, адам өмірінің 1/3 бөлігін ұйқымен өткізеді. Егер ұйқы қанбаса, адамның көңіл-күйі нашар болады, есте сақтау қабілеті төмендеп, деменция қаупі артады. Әр адам күнделікті бір уақытта оянып, бір уақытта ұйықтауды әдетке айналдыруы қажет. Өйткені ұйқы оның бойына күш-қуат беріп, шаршағанды басады. Осы орайда нейроанатомия маманы Шриниваса Болла ұйқыны ретке келтірудің жолын түсіндірді, деп хабарлады Elorda.info.

Сапалы өмір сүріп, оқу мен жұмыс нәтижелі болуы үшін ұйқының ағзаға тигізер пайдасы мол. Балаларға күніне 9-10 сағат, ал ересектерге 6-7 сағат ұйықтау керек.

«Әдетте ұйқы режимі бұзылған адамдар күйзеліске түсіп, мазасыз болып, бірден салмақ қосып, семіздікке ұшырайды. Сондай-ақ  инсульт, қант диабеті мен жүрек ауруларына әкеп соғуы мүмкін. Тіпті уақыт өте келе иммундық жүйесі әлсірейді», - деді нейроанатом, Nazarbayev University Медицина мектебінің ассистент-профессоры Шриниваса Болла.

Біреу білсе, біреу білмес, осыдан 60 жыл бұрын яғни 1964 жылы 17 жастағы калифорниялық жігіт 11 күн бойы ояу жүріп, рекорд орнатқан. Кейін ол тура 15 сағат ұйықтаған. Алайда мамандар ұйқы жетіспеушілігі әр адамға әртүрлі әсер етуі мүмкін екенін ескертті.

«Қысқа мерзімді ұйқысыз өткізсе, яғни 24 сағаттан кейін адам өзін масаң күйдегідей сезіне бастайды. 48 сағаттан кейін түс сияқты қысқа эпизодтар орын алуы мүмкін, бұл жағдайда адам құлап немесе көлік айдап келе жатқанда жол апатына ұшырауы мүмкін. 72 сағаттан кейін жағдай мүлде ауырлай түседі: адам ашуланшақ болып, өзінің эмоцияларын басқара алмай қалады, айналасын қабылдауда қиындықтар туып, галлюцинациялар көре бастайды», - дейді нейроанатом.

Профессордың айтуынша, ұзақ уақыт бойы дұрыс ұйықтамау жүйке және метаболизм жүйелеріндегі ауытқушылықтарға әкеледі.

«Атап айтқанда, жүйке жүйесі бойынша адам депрессияға түсіп, көңіл-күйі өзгереді, когнитивтік проблемалар мен деменция дамиды, баланс сақтай алмай, қозғалысы ауырлай түседі. Ұзақ уақыт дұрыс ұйықтамау әсерінен туындайтын метаболизм проблемеларына қант диабетінің дамуы, артық салмақ қосу, қан қысымының жоғарылауы, жүрек аурулары және инсульт, иммунитеттің әлсіреуі жатады», - деді спикер.

Сөз арасында маманнан ұйқыны қалай қалпына келтіруге болатынын сұрап білген едік.

«Ұйқыңыздың сапасын жақсарту үшін сізде белгілі бір ұйқы режимі болуы керек. Ол үшін ұйқы бойынша бір тәртіп қойып, оны ұстануға тырысыңыз.  Ұйықтар алдында бөлмені қараңғы қылып ұстау керек, әсіресе жаз мезгілінде бұл өте маңызды. Бөлмедегі температура жайлы болуы тиіс. Сондай-ақ ұйықтар алдында телефон, компьютер пайдаланбаңыз. Оған қоса күнделікті өмірде спортқа уақыт табуға тырысыңыз, сіздің ұйқыңыздың сапасына тәніңіздің саулығы тікелей әсер етеді», - деді профессор.

Қанша ұйықтасаңыз да, ұйқыңыз қанбағандай сезімде боласыз ба? Маманның айтуынша, бұл – ұйқы режимінің бұзылғанының бірден-бір дәлелі.

«Бұл жағдайда арнайы маманға көрініп, диагностикадан өтіп, кеңес алу керек. Мәселен, ұйқыдағы апноэ деген нәрсе бар – ұйқы кезінде дем алу қиынға соғып, қорылдап, тұншыға бастауыңыз мүмкін. Сол үшін ұйқы кезіндегі тіпті кішкентай ауытқушылықтарға да мән берген жөн», - деп сөзін түйіндеді спикер.