Елде жыл сайын балаларға қатысты 2 мыңға жуық қылмыс жасалады
Жыл сайын Қазақстан аумағында балаларға қатысты 2 мыңға жуық қылмыс жасалады, деп хабарлады Elorda.info.
Мұндай деректер «Ашық» НҚАпорталында жарияланған Қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасында келтірілген, деп жазады inform.kz.
Ведомство құжаттың кіріспесінде тұжырымдаманы қабылдаудың маңыздылығына тоқталған. Онда қазіргі криминогендік ахуалға талдау жасалған.
ҚР Ішкі істер министрлігінің дерегінше, балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелер жүйелі шешімді қажет етеді.
Балалар қорғауды қажет ететін ең осал топ болып қала береді. Оларға қатысты жыл сайын 2 мыңға жуық қылмыс жасалады. Олардың ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 700-ден астам жыныстық қылмыс бар. Олардың 70%-дан астамын айналасындағылар жасаған, - деп жазылған ашық талқылауға шығарылған құжатта.
Сонымен бірге, тұжырымдамада былтыр елімізде тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтардан 495,1 млрд теңге шығын келгені жазылған.
Осы және өзге де мәселелерді жүйелі шешу үшін министрлік 4 жылдық тұжырымдаманы қабылдауды ұсынады.