00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстанда университеттердегі мансап орталықтары қалай дамиды

18 қазан, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстанда университеттердегі мансап орталықтары қалай дамиды
Фото: Назарбаев Университетінің баспасөз қызметінен

Қарқынды дамып келе жатқан жаһандық экономикада студенттерді бүгінгі еңбек нарығының сын-қатерлеріне дайындау маңызды болып тұр. Университеттерде мансаптық кеңес беру және дамыту маңызды рөл атқарады. Олар студенттер мен жас мамандарға мансап жолын қалыптастыруға көмектеседі. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, университеттердегі мансап орталықтарымен белсенді әрекеттесетін түлектер оқуды бітіргеннен кейін табысты жұмысқа орналасу ықтималдығы 25% жоғары, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазақстанда осы жылдың наурыз айында елдегі жоғары оқу орындарында мансаптық кеңес беру және кәсіби даму саласындағы үздік халықаралық тәжірибені енгізуге арналған Қазақстандық мансапты дамыту қауымдастығы (KazCDA) Назарбаев Университетінде (NU) құрылды. Америка Құрама Штаттарында орналасқан және 40-тан астам мүше елдерді біріктіретін Азия-Тынық мұхиты мансапты дамыту қауымдастығының (APCDA)  филиалы ретінде қазақстандық қауымдастық NU Мансап және Кәсіптік Бағдарлау орталығының бастамасымен құрылған.

Ол мансаптық кеңес берудегі озық халықаралық тәжірибемен бөлісіп, мансап бойынша кеңесшілер мен студенттерді бәсекелестік артып келе жатқан әлемдік еңбек нарығында табысты жұмыс істеу үшін қажетті құралдармен және біліммен қамтамасыз етеді.

«KazCDA-ның негізгі мақсаты – Қазақстан университеттеріндегі мансаптық қызметтерді әлемдік озық тәжірибеге сәйкес жаңғырту. Біз мансап бойынша кеңесшілерді құралдармен, біліммен және тәжірибемен қамтамасыз ете отырып, жан-жақты оқытуды көздеп отырмыз. Осылайша, олар студенттерге динамикалық еңбек нарығында шарлауға көмектесе алады», –  деп түсіндірді KazCDA тең құрылтайшысы, NU Мансап және кәсіптік бағдарлау орталығының директоры Ғайни Есембекова.

Университеттер арасындағы серіктестікті нығайта отырып, қауымдастық тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда халықаралық сарапшылармен семинарлар өткізу, университеттермен интеграцияланған және тиімді мансаптық бағдарламаларды бірлесіп әзірлеу арқылы мансаптық білім беру деңгейін көтеруге ұмтылады. Сондай-ақ мансап мамандарын қолдау үшін APCDA оқу материалдары мен ресурстарының кең базасын құру жоспарлануда.

Осы жазда республиканың 13 университетінің өкілдерімен алғашқы ресми кездесуін өткізгеннен кейін KazCDA мансап бойынша кеңесшілер мен кәсіби даму мамандарына арналған вебинарлар сериясын бастады.

«Осы вебинарлар арқылы біз елдегі мансаптық қызмет көрсету стандартын жақсарту үшін бірге жұмыс істей алатын мансаптық даму бойынша сарапшылардың мықты және байланыстырылған желісін құруды мақсат етеміз. Қонақ спикерлер ретінде Аустралияда, Азияда және БАӘ-де үлкен тәжірибесі бар халықаралық деңгейде мойындалған мансап және көшбасшылық жаттықтырушы Аллан Гатенби, Вьетнамнан келген жетекші мансап маманы Ан Туан Ле шақырылды. Кәсіпкер, мансапты басқару саласындағы жұмысымен және мансаптық қызмет көрсету индустриясын ілгерілетудегі күш-жігерімен танымал Мари Зименофф 13 қарашада сөйлейді. Бұл вебинарлар инновациялық тәжірибелер мен білімдермен бөлісуге көмектеседі», - деді NU қызметкері және KazCDA негізін салушылардың бірі Лилия Тілеукенова.

KazCDA мансаптық өсу үшін кешенді қолдау желісін құруды, университеттермен, сала жетекшілерімен және мемлекеттік органдармен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Қауымдастық сонымен қатар еңбек нарығындағы тенденцияларды талдау бойынша ғылыми жобаларды бастауға ниетті.