Президент стратегиялық мақсат қойып отыр – Ерлан Қошанов

Бүгін, 10:58
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views56
Президент стратегиялық мақсат қойып отыр – Ерлан Қошанов
Фото: Parlam.kz

Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды бастамалар көтерді. Мәжілістің ендігі міндеті – Үкіметпен, азаматтық қоғаммен бірге тығыз әрекет ете отырып, Жолдаудағы барлық бастаманы жедел түрде заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мәжіліс төрағасы жаппай цифрландыру мен барлық салада жасанды интеллектіні қолдану идеясы осы жолғы Жолдаудың өзегіне айналғанын атап өтті.

«Биылғы Жолдаудың салмағы да, ауқымы да бөлек болды. Президент маңызды бастамалар көтерді. Алдағы жұмыстың аясын айқындап, нақты мерзімін белгілеп берді. Біздің ендігі міндетіміз – Үкіметпен, азаматтық қоғаммен бірге тығыз әрекет ете отырып, Жолдаудағы барлық бастаманы жедел түрде заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету. Осы орайда келесі мәселелерге тоқталып өткім келеді. Біріншіден, жаппай цифрландыру мен барлық салада жасанды интеллектіні қолдану идеясы осы жолғы Жолдаудың өзегіне айналғанын атап өткен жөн.  Президент стратегиялық мақсат қойып отыр. Ол – Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлық мемлекетке айналдыру. Осы орайда саланы реттеу үшін нақты заңнамалық тетіктер қажет. Бұл ретте, Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы заң ерекше рөл атқаруға тиіс. Қазір олар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Аталған заңдарды жыл соңына дейін қабылдауымыз керек. Бейінді комитет осы жұмысты жүйелі ұйымдастырсын», - деді Ерлан Қошанов.

Төраға банктер және банктік қызмет туралы заң жобасы жұмысқа алынатынын айтты.

«Жылдам өзгеріп жатқан технологиялар мен жаңа экономикалық жағдайда Мемлекет басшысы алдымызға банктер туралы заңнаманы жаңарту міндетін қойды. Бүгін біз банктер және банктік қызмет туралы заң жобасын жұмысқа аламыз. Қолданыстағы заңға отыз жыл толды. Сондықтан ол жаңартуды қажет етіп отыр. Жаңа заң қаржы секторын икемді әрі инновацияларға ашық ете түсуі керек. Финтех-компанияларды қолдаумен қатар, қарапайым азаматтардың мүддесін қамтамасыз етуге де жол ашады. Жұмыс тобы барлық мүдделі тараптардың пікірін тыңдап, жан-жақты талқылағаны жөн. Жалпы, бұл заңды да жыл соңына дейін қабылдауға тиіспіз», - деді спикер.

Үшіншісі –  Alatau City қаласы үшін құқықтық негіз қалыптастыру.

«Бұл қадам – технологиялық бағыттағы бастамалардың заңды жалғасы. Президент оған еліміздің болашақ іскерлік және инновация орталығы ретінде ерекше мән беріп отыр. Ол өңірдегі ең алғашқы толыққанды цифрлық қалаға айналмақ. Бұл – жай ғана қала салу емес, заманауи, қарқынды дамыған, бақуатты Қазақстан жайлы асқақ арманның орындалуы. Осы бастаманы іске асыру үшін қаланың арнайы мәртебесі туралы жеке заң қабылдаймыз. Депутаттар халықаралық тәжірибелерді де зерттеуі керек. Технологиялардың қанат жаюына ғана емес, адамдардың жайлы өміріне де жол ашатын қажетті құқықтық негіз жасау – біздің басты міндетіміз», - деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ ол цифрлық даму қарқын алып отырған қазіргі кезеңде киберқауіпсіздік мәселесіне де айрықша назар аудару қажеттігін жеткізді.

«Бұл мәселе осыған дейін де депутаттар тарапынан талай рет көтерілген болатын. Депутаттық сауалдар жолданып, бастамалар да ортаға салынды. Бірқатар норма қабылданды. Әйтсе де, жаңа сын-қатерлер арта түсуде. Сондықтан кешегі Жолдауында Президент осыған ерекше мән берді. Бізге алдын ала тиімді тетіктер ойластырып, жаңа заңнамалық ұсыныстар дайындау қажет. Бесінші. Мемлекет басшысы Еуразиялық сауда-саттық аясында отандық өнім өндірушілердің құқықтарын қорғау жөнінде алдымызға нақты міндет қойды. Ол заңнамалық бастамалар арқылы шешімін табуы керек. Әр түрлі фракциялардың депутаттары бұған дейін де бұл мәселені көтерген болатын. Енді сіздерден нақты заңнамалық ұсыныстар күтеміз. Қазақстандық тауар өндірушілердің мүддесіне қатысты мәселелерді қарау кезінде депутаттар табандылық танытуға тиіс», - деді төраға.

Ерлан Қошанов жер мәселелерін ретке келтіру бойынша «Жер аманаты» комиссиясы үлкен жұмыс атқарып жатқанын айтты.

«Оған біздің депутаттарымыз да белсене атсалысып жүр. Жалпы көлемі 13,5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды.

Президент айтқандай, сол жерлер тұралап бос қалмай, тұрақты айналымға енгізіліп, ел игілігіне қызмет етуге тиіс. Бұл қадам ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп, инвестиция тартуға жол ашады. Сонымен бірге жайылым мәселесін шешіп, ауыл тұрғындарын қолдауға мүмкіндік береді. Депутаттар Үкіметпен бірге ауыл шаруашылығы жерлерін электронды конкурс арқылы бөлу тетігі бойынша заңнамалық өзгертулер әзірлеуі қажет екені айтылды. Бұл барлық процесті реттеп, ашықтықты қамтамасыз етеді. Енді депутаттар жерді үлестіру үдерісін де қадағалауға атсалысатын болады. Жетінші. Шұғыл әрекетті қажет ететін тағы бір маңызды міндет – жыл соңына дейін Құрылыс кодексін қабылдау. Заң жобасы кеңінен талқыланды. Оның ішінде Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата отырысында да қаралды.  Қазір елімізге, бизнес пен азаматтарға қандай Құрылыс кодексі қажет екендігі туралы нақты түсінік қалыптасты.  Бұл аспектілердің барлығы Құрылыс кодексінің жобасында ескерілуге тиіс. Кодекс Жолдауда айтылған мерзімде қабылдануы керек», - деді спикер.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, бұл жолғы Жолдау Президентіміздің «барлық реформаның өзегі – адам» деген басты қағидатты үздіксіз ұстанып келе жатқанын тағы да дәлелдеді.

«Елімізде атқарылып жатқан игі істердің барлығы халық үшін және халықпен бірге жасалып жатыр. Бұл – Мемлекет басшысының берік ұстанымы. Осы ретте, Жолдауда еліміз үшін тағы бір маңызды реформаны қолға алу ұсынылды. Ол – Парламенттік реформа. Яғни,  болашақта бір палаталы Парламент жүйесіне көшу. Мұны да халықпен бірге талқылап шешу қажет деді. Мемлекетіміздің болашағына қатысты тағдыршешті мәселенің бәрі халықтың талқысына салынып, шешім қабылдауды халықтың өзіне беру – Президентке тән ашық басқару стилі. Бұл азаматтардың пікірін құрметтеу және жаңа саяси мәдениет қалыптасқанын көрсетеді», - деді ол.

Сонымен қоса, төраға бір палаталы Парламент идеясы қоғамда біраз уақыттан бері талқыланып келетінін айтты.

«2022 жылғы конституциялық реформа барысында осы бағыттағы алғашқы қадамдар жасалды.Парламенттің рөлі едәуір артқанын өздеріңіз білесіздер. Сондықтан бұл бастама кезең-кезеңімен іске асып келе жатқан жүйелі, байыпты реформалардың жалғасы ретінде қабылдануы қажет. Ол ұзақ уақытты әрі тұтас қоғамның атсалысуын талап ететін терең институционалдық реформа екенін түсінген жөн.Сондықтан алдағы жылы сарапшылардың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның қатысуымен жан-жақты талқылау жүргіземіз.Осы жұмысқа барлық саяси партия белсене атсалысуы қажет. Бұл реформа Конституцияға және конституциялық заңдарға өзгерістерді қажет етеді», - деді төраға.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, жыл бойы сайлау өткізу қалыпты құбылысқа айналды.

«Осы жерде мен мына мәселеге де назар аударғым келіп отыр. Бүгінде кез келген адамға елдің саяси өміріне еркін әрі тікелей араласуына толық мүмкіндік бар. Ауыл, аудан, қала әкімдерін тікелей сайлау жүйесі орнықты. Жергілікті мәслихаттарға да мажоритарлық жүйе арқылы сайлау өтіп жатыр. Жыл бойы сайлау өткізу қалыпты құбылысқа айналды. Кешегі Жолдауында Президент келешектегі бір палаталы Парламентті партиялық тізіммен жасақтауды ұсынды. Бұл партиялардың рөлін де, беделін де арттыра түседі.Биліктің мызғымас институты ретінде қалыптастырады. Белсенді азаматтар өз ұстанымы мен көзқарасына сай келетін партияға мүше болу арқылы Парламентке келіп, елдің тағдырына араласа алады. Мұндай жүйе әлемдік тәжірибеде кеңінен тараған. Сондықтан барлық фракцияны, депутаттарды осы жүйелі әрі прогрессивті реформаны қолдауға шақырамын», - деді Ерлан Қошанов.