«Таза Қазақстан»: елорда балабақшасында бүлдіршіндер мен тәрбиешілер ерекше қырыққабат өсірді

Бүгін, 11:59
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views125
«Таза Қазақстан»: елорда балабақшасында бүлдіршіндер мен тәрбиешілер ерекше қырыққабат өсірді
Фото: Астанадағы №84 «Кәусар» балабақшасынан

Астанадағы №84 «Кәусар» балабақшасында «Таза Қазақстан» акциясы аясында балаларды табиғатты аялауға, еңбекке баулуға бағытталған ерекше жоба қолға алынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жоба жетекшісі – балабақша меңгерушісі Балауса Төлеуғалиқызы. Ол балаларға ерекше әсемдік сыйлайтын декоративті қырыққабат өсіріп көруді ұсынған.

«2024 жылдың күзінде басталған бұл тәжірибе балабақшада бірінші рет жүзеге асырылып отыр. Оның идеясының авторы – Балауса Қайырғалиева. Ол кісі бірде декоративті қырыққабаттың кішкентай түрін байқап қалып, оның ерекше сұлулығына тәнті болған. Осыдан кейін «Неге балабақшада да өсіріп көрмеске?» деген ой туындап, ақырында жоба қолға алынды. Жобаға балабақшаның бес тәрбиешісі белсене атсалысты. Олар: Аманкүл Абдрахманова, Света Ахметказиева, Тлеукор Смагулова, Мейрамгүл Омарова, Жанар Омарова», - деді жобаға қатысқан балабақшаның инновациялық әдіскері Алма Қажымұратова.

Балабақша ұжымы алдымен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қырыққабаттың әртүрлі сұрыптарын іздестірген. Тұқымдар тек Қазақстаннан ғана емес, сондай-ақ көрші Қытай мен Ресейден де алдырылған.

Алма Қажымұратованың айтуынша, бұл эксперимент болғандықтан, түрлі сұрыптарды салыстырып көру маңызды болған.

Алғашында тұқымдар арнайы дайындалған топыраққа отырғызылып, мұқият күтім жасалған. Кейін тұқымдар өне бастаған кезде, тәрбиешілермен қоса балалардың қуанышында шек болмады. Нәзік көктер біртіндеп жасыл жапырақтарға айналып, күннен-күнге жайқала өскен. Балалар да тәрбиешілермен бірге оған су құйып, өсімдіктің өзгерісін бақылап отырған. Осылайша олар табиғаттың таңғажайып өзгерістерін көзбен көруге мүмкіндік алды.

«Аталған жобаның бір ерекшелігі – қырыққабаттың ұзақ уақыт бойы гүлдеп тұруы. Мәселен, қарапайым гүлдер қыркүйек айында солып қалса, бұл өсімдік  алғашқы қар түскенге дейін гүлдеп тұрады. Бұл жоба балаларға еңбек пен шыдамдылықтың нәтижесін ғана емес, табиғатты аялаудың маңызын да көрсетіп отыр. Қырыққабатты күтіп-баптауға  бүлдіршіндер де  үлкен жауапкершілікпен қарады. Біз жаз айларында әр 2 күнде, басқа мезгілде 3 күнде 1 рет суардық. Өсімдіктің өсу процесін бірге бақылай оырып, балалар табиғатпен етене жақын бола түсті», - деді әдіскер.

Қазіргі таңда декоративті қырыққабаттар балабақша ауласына сән кіргізіп тұр. Аталмыш жоба алғашқы қар түскенде ресми түрде қорытындыланып, нәтижелері шығарылады. Бұл эксперимент бүлдіршіндердің экологиялық мәдениетін арттырумен қатар, сұлулықты сезіне білуге, еңбекке және төзімділікке үйретудің тамаша үлгісіне айналды.