3 мыңға жуық сарбаз қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүр
Жаңа жылдық мерекелерде Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының әскери қызметшілері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп және қоғамдық тәртіпті сақтай отырып, қызмет атқаруды жалғастырып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Патрульдер елдің барлық қаласында тұрғындардың тыныштығын қорғайды және күшейтілген режимде жұмыс істейді.
«Біздің жауынгерлер әрқашан асқан жауапкершілікпен және абыроймен қызмет етеді. Мереке күндері еліміздің тұрғындары мен қонақтары отбасы мен достарының ортасында демалуды жөн көреді. Сондай-ақ олардың кейбіреулері коньки тебуге, сырғанауға, қала орталықтарында көңіл көтереді. Тиісінше, жеке құрам адамдар көп жиналатын орындарда болады және қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз етеді», - деп атап өтті ҚР ҰК Бас қолбасшылығының қоғамдық тәртіпті сақтауды ұйымдастыру бөлімінің бастығы полковник Бауыржан Құмаров.
Құқық тәртібін тиісті қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 3000-ға жуық офицері, сержанты мен сарбазы сондай-ақ 60-тан астам автотехника жұмылдырылды.