Құрылтай депутаттарына тоғызқұмалақ тақтасы тарту етілді
Құрылтай депутаттарына Халықаралық тоғызқұмалақ күніне орай ұлттық зияткерлік ойынның тақталары тарту етілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бастаманы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы мен Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясы ұйымдастырды. Оның мақсаты – тоғызқұмалақты ұлттық мәдени мұра ретінде дәріптеп, ойынның тарихи, тәрбиелік және зияткерлік мәнін кеңінен насихаттау.
Халықаралық тоғызқұмалақ күні Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының шешімімен ұлттық ойынды әлемдік деңгейде таныту және оның зияткерлік мұра ретіндегі маңызын арттыру мақсатында белгіленген.
Құрылтай депутаттарына жолданған арнайы хатта тоғызқұмалақ қазақ халқының зияткерлік мұрасы, шешім қабылдау мәдениеті мен стратегиялық ойлау философиясының символы екені атап өтілді.
«Тоғызқұмалақ – ата-баба даналығы мен парасатын тоғыстырған ұлттық зияткерлік ойынымыз. Бұл ойын адамның бойына логикалық ойлау, сабыр, есеп, стратегия және дұрыс шешім қабылдау сияқты қасиеттерді сіңіреді. Ұлттық мұрамызды елдің қоғамдық өмірінің барлық саласында кеңінен насихаттау – ортақ міндет. Сондықтан Тоғызқұмалақ күні Құрылтай депутаттарына ойын тақтасын тарту етуді жөн деп таптық. Әрбір қазақстандықтың төрінде тұруға тиіс ұлттық құндылығымызды дәріптеуді жалғастыра береміз», – деді Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов.
Іс-шараға тоғызқұмалақ қауымдастығы атынан Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Мақсат Раманқұл, Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әкім Тұрсын, федерацияның вице-президенті Шолпан Қадырова және вице-президенті, Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Айдарали Раманов қатысты.

Федерация өкілдерінің айтуынша, тоғызқұмалақ тақталарын Құрылтай депутаттарына табыстау символдық мәнге ие. Бұл арқылы елдің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын азаматтарға ұлттық зияткерлік мұраны таныстырып, ұлттық құндылық пен стратегиялық ойлау мәдениетінің сабақтастығын көрсету көзделген.
Бүгінде тоғызқұмалақ Қазақстан шеңберінен шығып, әлемнің бірқатар елінде дамып келе жатқан зияткерлік спорт түріне айналды. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы ойынның халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыру, ұлттық мектептерді дамыту және жас ұрпақ арасында тоғызқұмалақты кеңінен насихаттау бағытында жұмыс жүргізіп келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлемнің 60 елін біріктіретін 9Qum тоғызқұмалақ платформасы іске қосылғанын жазғанбыз.