«20 жыл теміржол саласындамын»: ҚТЖ-ның жаңа басшысы желідегі кәсібилігіне қатысты сынға жауап берді

Бүгін Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз жиында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов теміржол саласындағы сынға қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол ұзақ жылдардан бері осы салада еңбек етіп келе жатқанын, саланы жақсы білетінін айтты.
«Мен теміржол саласында көп жылдан бері жұмыс істеймін. 1992 жылы Алматы теміржол институтын бітіргем. Одан кейін Орал және Ақтөбе теміржолдарында жұмыс істедім. Бір жыл төрағаның орынбасары болдым. Жалпы осы салада 20 жылдан бері жұмыс істеймін»,- деді ҚТЖ төрағасы.
Ол сондай-ақ қазақстандықтарға жайлы вагондар қашан қолжетімді болатынын айтты.
«Басқарма төрағасы болғаннан кейін барлық теміржолдарды пойызбен және тепловозбен аралап шықтым. Мысалы, екі ай бұрын «Алтынкөл-Жетіген» бағытында тепловоз арқылы жүрдім. Ал вагондарға келетін болсақ, олар 2030 жылға дейін жаңартылады» ,- деді ол.