Соңғы 10 жылда су саласындағы мамандардың 30 пайызы жұмыстан кеткен – мәжіліс депутаты


Үкімет сағатында мәжіліс депутаты Жұлдыз Сулейменова су саласынан мамандардың 30%-ы кетіп қалғанын айтты. Депутат бұған жалақының аздығы себеп болған деп отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бұл салада кадр мәселесі мен профильді мамандар тапшылығы өте өзекті. Өзіңізге белгілі, кемінде 3 мыңға жуық инженер-гидротехник, ириигатор, су ресурстарын басқару маманы қажет. Жыл сайын небәрі 200-ге жуық маман ғана даярланады. Бұл аталған саладағы кадр сұранысының 7 пайызын ғана құрайды. Былтыр 500-ден астам студент су шаруашылығы мамандықтарына барған екен. Бірақ бүгінгі таңда бұл саладағы жалақы басқа коммуналдық саладағы айлыққа қарағанда едәуір төмен. Соған байланысты соңғы 10 жылда аталған саладан 30 пайыз маман кетіп, бүгінгі таңда жастардың келуіне үлкен кедергі болып отыр. Жалпы саладағы кадр мәселесін шешу үшін қандай бағдарлама қабылдайсыз? Жалақыны көтеруге байланысты субсидиялау бағдарламасын қабылдайсыз ба? Ғылым және жоғары білім министрлігі ауылдық жердегі мамандарға байланысты арнайы гранттар бөле ме?»,- деді Жұлдыз Сүлейменова.
Мәжіліс депутаты Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ректорына да мамандардs даярлауға қатысты сұрақ қойды.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің сөзінше, министрлік алдағы уақытта саладағы мамандардың орташа айлығын көтермек.
«1 мамыр 2024 жылдан бастап біз жалпы «Қазсушар» мекемесінде жұмыс істейтін 10 мыңнан астам қызметкердің айлығын 25 пайызға көтердік. Қазір онда орташа айлық – 210 мың теңге. Біз қазір Табиғи монополиялар туралы заңға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Алдағы уақытта су саласы мамандарын энергетика және жылу энергетика саласы мамандарына теңестіріп, айлықты тағы да көтеруге мүмкін болады. Сонда біздің жоспарымыз бойынша орташа айлық шамамен 320 мың теңге болады»,- деді министр.
Нұржан Нұржігітов өз сөзінде, биыл мың адамды қайта даярлау курстарынан өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.
«Министрлік құрылған уақытта бізге мамандарды дайындайтын 9 жоғары оқу орнымен мемарандумға қол қойдық. Қазір тағы да 3 университет қосылды. Студенттер міндетті түрде «Қазсушар» мекемесінде тәжірибелік практикадан өтуі тиіс. Биыл қайта даярлау курстарынан мың адамды өткізуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек біз Қытай Халық республикасымен келісіп, мамандарға арналған екі апталық курстан өткізіп жатырмыз. Бірінші топта 30 адам тегін оқып келді. Екінші топ кеше түнде кеті. Жалпы жылдың аяғына дейін 4 топ барады, яғни 120 адам қайта дарялау курстарынан өтеді»,- деді ол.



