2022 жылы грант алғандардың 50 пайыздан астамы кәсіпкерлікті тоқтатқан – Мәжіліс депутаты

Мәжілістің жалпы отырысында Жарқынбек Амантай ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында «Бизнестің жол картасы» аясында бөлінген 1,4 млрд теңгенің 30 пайызы жұмыс істемейтін кәсіпорындарға кеткенін, 2023 жылы 2,3 млрд теңге күмәнді жобаларға жұмсалғанын мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда соңғы жылдары қайтарымсыз гранттар мен субсидиялар енгізілгенімен, олардың тиімділігі алаңдатады. Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы есебіне сәйкес, бөлінген 1,8 млрд теңгенің 40 пайызы бойынша есеп берілмеген, ал 700 млн теңгенің жұмсалуы күмәнді.
«Әлем елдерінің тәжірибесінде шағын және орта бизнеске қолдау нақты нәтижеге, есептілік пен тиімділікке негізделген. Мәселен, Оңтүстік Кореяда гранттармен қатар менторлық және нарыққа шығуға қолдау жүйесі дамыған, Германияда гранттан кейін тәуелсіз бағалау жүргізіледі, Ұлыбританияда қаржы кезең-кезеңімен, нәтижеге қарай беріледі. Президенттің биылғы Жолдауында да кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеру үшін жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану, бизнес-процестерді цифрландырудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл – мемлекеттік қолдау тиімділігін арттырып, ашықтықты қамтамасыз ететін маңызды құрал», - деп атап өтті Жарқынбек Амантай.
Оның сөзінше, «Бизнестің жол картасы» аясында бөлінген 1,4 млрд теңгенің 30 пайызы жұмыс істемейтін кәсіпорындарға кеткен. 2023 жылы 2,3 млрд теңге күмәнді жобаларға жұмсалған.
«2024 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында 12,7 млрд теңге грант берілді, бірақ алғандардың басым бөлігі мал шаруашылығына қаржы жұмсаса да, нарықтағы ет пен сүт бағасы қымбаттап тұр. Бұған қоса, 2022 жылы грант алғандардың 50 пайыздан астамы кәсіпкерлікті тоқтатқан, ал декларация тапсырғандар – небәрі 16,6 пайыз. 2023 жылы да жағдай қайталанып, 9,1 мың адамның 32 пайызы көп ұзамай бастаған кәсібін тоқтатқан.
Нәтижесінде бюджет қаражаты ұзақмерзімді тиімділікке жеткізбей, кәсіпкерлік қолдауға деген қоғамдық сенім төмендеуде. Шынайы бизнес-идеясы бар азаматтар тыс қалып, әділеттілік қағидаты бұзылып отыр.
Мұндай жүйелі кемшілікті назардан тыс қалдыру – экономикалық саясаттың пәрменділігіне тікелей нұқсан келтіреді», - деді Мәжіліс депутаты.
Бұл ретте Жарқынбек Амантай Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге өзекті сұрақтарға нақты әрі ресми түрде жауап беруін сұрады.
«Бірінші. Есеп бермеген немесе күмән тудырған жобалар бойынша нақты шаралар қабылдау керек.
Екінші. Болашақта мұндай жағдайды болдырмау үшін жүйелі реформалар жүргізіп, бақылау тетіктерін енгізу маңызды.
Үшінші. Бизнес жобаларға бөлінетін қаржының тиімділігі мен нәтижелілігін бағалап, мемлекеттен қаржы алған кәсіпкерлерді сүйемелдеу жұмыстарын тиімді жүргізу керек», - деді Жарқынбек Амантай вице-премьерге жолдаған депутаттық сауалында.



