Елімізде отбасылы қазақстандықтар депозитке көбірек ақша жинайды


Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) «Elim» маркетингтік және әлеуметтік зерттеу институтымен бірлесіп ер азаматтардың қаржыға және ақша жинауға деген көзқарасын зерделеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сауалнамаға еліміз бойынша 4 000 респондент қатысты. Олардың ішінде 18 жастан 65 жас аралығындағы ер азаматтардың үлесі 2 020 адамды құрайды.
Респонденттердің 80%-ы үйленгендер. Жауап берушілердің 88%-ының жоғары білімі немесе ғылыми дәрежесі бар.
Осы ретте:
1)респонденттердің 37%-ы – кәсіпкерлер немесе қызметтер көрсету саласында, саудада жұмыс істейді;
2)респонденттердің 22%-ы – экономиканың нақты секторында: өндіріс, көлік, байланыс, құрылыс, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді;
3)білім, ғылым және мәдениет салаларында қызмет атқаратын респонденттердің үлесі – 7%;
4)6%-ы – экономистер, қаржыгерлер;
5)5%-ы – IT саласының кәсіпқой мамандары;
6)респонденттердің 2%-ы мемлекеттік басқару саласында мансабын жалғастыруда;
7)респонденттердің 2%-ы – әскери қызметшілер немесе заң саласында жұмыс істейді және олардың төрттен бірі – 30 жасқа дейінгі азаматтар (әскери қызметші және заңгер әйелдердің үлесі де 2%-ды құрады.
Респонденттердің 32%-ының банктерде жинақ ақшалары мен депозиттері бар (30 жасқа дейінгі еркек респонденттер арасында – 33%). Әсіресе отбасын құрған респонденттер арасында депозиті барлардың үлесі ең жоғары – 81%.
Сауалнамаға қатысқан ер азаматтардың 76%-ының депозиттері тек ұлттық валютада ашылған.
Депозит ашудағы топ-5 мақсаттар:
1)күтпеген жағдайларға дайын болу үшін жинақ ақша және «қауіпсіздік көпшігін» қалыптастыру (52%),
2)жылжымайтын мүлік немесе автокөлік сатып алу (16%),
3)бизнес ашу жоспары (5%),
4)пассив табыс үшін база қалыптастыру (5%),
5)білім алуға төлеу (4%).
Респонденттердің 45%-ы депозит ашу барысында пайыздық мөлшерлемеге көңіл бөлетіндігін атап өткен, 31%-ы депозиттен оңай ақша алу және оны оңай толықтыру мүмкіндігін бағаласа, 29%-ы банктің беделіне баға береді, респонденттердің 19%-ы үшін ыңғайлы мобильді банкинг маңызды.
Еске сала кетейік, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жеке тұлғалардың депозиттеріне, оның ішінде банк карточкаларындағы немесе шоттарындағы ақшаларына кепілдік береді. ҚДКБҚ максималды кепілдік сомасы депозиттің түрі мен валютасына тікелей тәуелді және ол:
1)теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 20 миллион теңге;
2)теңгедегі жинақ салымдардан басқа карточкалар, шоттар және депозиттер бойынша – 10 миллион теңге;
3)шетел валютасындағы салымдар, карточкалар және шоттар бойынша – 5 миллион теңге.



