Былтыр 6,7 мыңнан астам адам ауылдан көшіп кеткен – Серік Егізбаев

Бүгін, 12:29
Айман Нығмет Айман Нығмет
Былтыр 6,7 мыңнан астам адам ауылдан көшіп кеткен – Серік Егізбаев
фото: amanatpartiasy.kz

Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында  «Ауыл» партиясы Фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«2024 жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 575 млрд теңге бөлінсе, оның тек 86 пайызы ғана игерілген. Ал соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2,2 трлн теңге бөлінгенімен Жоғары аудиторлық палатаның есебінде 142 млрд теңгенің мақсатсыз жұмсалғаны анықталған. Бұл қаржының тиімділігін бағалайтын нақты жүйенің әлі де қалыптаспағанын көрсетеді. Ауыл шаруашылығы — ең төмен жалақы төленетін сала болып отыр. Орташа айлық жалақы 262 мың теңге, ал ресми тіркелген қызметкерлер саны бар болғаны 1,6 пайыз. Бұл - ауылда көлеңкелі және маусымдық жұмыстың кең таралғанын, әлеуметтік қорғалмау мен болашақ зейнетақының жоқтығын көрсетеді. Мемлекеттік қолдау тек техника мен субсидияға емес, ең алдымен  ауыл тұрғынына бағытталуы қажет»,- деді ол.

Мәжіліс депутатының сөзінше, жұмыссыздық пен инфрақұрылымның жетіспеуі салдарынан 2024 жылы 6,7 мыңнан астам адам ауылдан көшіп кеткен. 

«Жоғары аудиторлық палата бұл үрдісті нақты атап өткен. Микрокредит, жеңілдетілген несие – бұл тек құрал. Егер ауылда тұрақты жұмыс, қолжетімді баспана, мектеп, медициналық пункт және мәдениет үйі болмаса, бұл бағдарламалар ұзақмерзімді нәтиже бере алмайды. Сонымен қатар, фермерлерге мемлекет тарапынан 285 млрд теңге қарыз қалып отыр. Үкімет бұл берешекті жыл соңына дейін толық өтеуге уәде берді. «Ауыл» партиясының фракциясы, Аграрлық мәселелер Комитетінің депутаттары Үкімет берген уәдесіне тұрады деп сенім білдіреді. Үкіметке көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге және фермерлерге айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікпен несиелеудің оң тәжірибесін кеңейтуді ұсынамыз. Осы орайда, «Ауыл» партиясының фракциясы 5 пайыздық жеңілдетілген кредиттеуге кезең-кезеңімен көшуді толық қолдайды», - деді ол.