Шет елдердегі қазақ кәсіпкер әйелдері бірікті

13 ақпан, 2025
elordaaqparat elordaaqparat
Шет елдердегі қазақ кәсіпкер әйелдері бірікті
Фото: Роза Мизанбай

7-9 ақпан күндері Польша астанасы – Варшава қаласында Global Qazaq Business Networking атты алғашқы қазақ іскер әйелдер форумы өтті. Бұл жиынды ұйымдастырған және өткізген Польшадағы Қазақ қауымдастығының президенті, түрколог, филолог-лингвист, халықаралық журналист Роза Мизанбай. Бір қуанарлығы – жиын толықтай қазақ тілінде өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Роза Мизанбай тұңғыш рет дүние жүзіндегі қазақ іскер әйелдерінің нетворкинг орталығын ашты. Ондағы мақсаты - шетелдердегі кәсіпкер қазақ қыздары мен әйелдерінің жаһандық бизнес нарығына шығуына жол ашу, жаңа белестерді бағындыруына қолдау көрсету.

Бұл бастама бизнес пен мәдениетті бір арнаға тоғыстырып, еліміздегі және шетелдердегі іскер әйелдердің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді. Бизнес форумда бас қосқан кәсіпкер ханымдар жаңа байланыстар орнатып, табысты халықаралық әріптестіктің алғашқы қадамдарын жасады. Бұл – тек бастамасы.

«Бұл форум – қазақ іскер әйелдерінің жаһандық деңгейде бірігуі мен дамуына арналған үлкен мүмкіндік. Біздің мақсатымыз – бизнесті жаңа деңгейге шығару, халықаралық серіктестікті нығайту және әрбір қазақ кәсіпкер әйелдің әлемдік нарықта өз орнын табуына жол ашу. Әлемнің түкпір-түкпірінде өз кәсібін дамытып жүрген қазақ әйелдері үшін шекара жоқ. Олардың білімі мен тәжірибесі, кәсіпкерлік рухы енді ортақ платформада тоғысады», - деді Роза ханым жиынның салтанатты ашылу рәсімінде. 

Бизнес форумның негізгі 6 мақсатын да Роза ханым нақтылап жеткізді:

1. Бизнестегі жаңа идеялар мен инновацияларды бөлісу.

2. Ғаламдық желілерде білім беру мен тәжірибе алмасуды жеңілдету.

3. Пайдалы әскерлік қарым-қатынас орнату.

4. Жаңа мүмкіндіктер мен әріптестік табыстарды зерттеу.

5. Әр адамның жеке және кәсіби тұрғыдан өсіп-жетілуіне жол ашу.

6. Әлемдегі әскер әйелдер арасындағы оң өзгерістер мен көшбасшылық құндылықтарды ынталандыру. 

Форумның спикерлері қатарында Будапештен келген профессор, ғалым, Мажар-Қазақ қоры президентінің орынбасары, Лакителек ұлттық университетінің шығыстану бөлімінің оқытушысы, Қоңыр Иштван Мандокидің жұбайы -  Оңайша Мандоки Мақсым, Германиядағы және Еуропадағы Қазақ қауымдастығына беделі зор тұлға, Кельн қазақтары мәдени бірлестігінің президенті және Еуропа елдеріндегі барлық Қазақ қауымдастықтарының төрағасы Садие Сүрер-Құсшы және тағы басқалар болды.

Төлен ТІЛЕУБАЙ