Полицейлерге пара ұсынған азаматтарға қылмыстық іс қозғалды (ВИДЕО)
Ішкі істер министрлігі тәртіп сақшыларына пара беру әрекеттеріне байланысты 70-тен астам қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Полиция ведомствосында елдегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Біздің ең басты міндетіміз – әрбір азамат өзін қауіпсіз сезініп, заң бұзушылықтың кез келген түрі жазасыз қалмайтынына сенімді болуын қалаймыз.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлерінің де, азаматтардың да әрекеттері бейнебақылау камералары, регистраторлар мен смартжетондар арқылы жазылады. Барлық мәлімет ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік департаментімен тұрақты түрде қадағаланып отырады. Өкінішке қарай, осы ескертулерге қарамастан, кейбір азаматтар заңсыз әрекеттерге барып, оның ішінде лауазымды тұлғаларға пара беруге әрекеттену жағдайлары жалғасуда. Күшейтілген бақылау басталғаннан бері осындай әрекеттер туралы полиция қызметкерлерінен 900-ден астам хабарлама түсті. Пара беру фактілері бойынша 70-тен астам қылмыстық іс қозғалды», – деп атап өтті ҚР ІІМ ақпараттық саясат департаментінің бастығы Шыңғыс Алекешов.
Астанада бір азамат жауапкершіліктен құтылу үшін ақшаны қызметтік көлікте қалдырған. Құқық бұзушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал Көкшетау қаласында ер азамат қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін полиция қызметкерлеріне 500 мың теңге ұсынған. Іс сотқа жіберілді.
«Барлық азаматтарға тағы да айтарымыз: заңды сақтаңыздар және әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын әрекеттерді жасамаңыздар. Тек бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз тәртіп пен әділдік орнайтын қауіпсіз қоғам құра аламыз», – деді Ш.Алекешов.