Алматы облысының прокуратурасы 500-ден астам жалған хабарландыруды бұғаттады

Алматы облысының прокуратурасы 500-ден астам жалған хабарландыруды бұғаттады
Фото: magnific.com

Алматы облысының прокуратурасы 500-ден астам жалған хабарландыруды бұғаттады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап. 

Жазғы демалыс маусымы мен мектеп демалысы қарсаңында тәуліктік тұрғын үйді жалға беру туралы жалған хабарландыруларды орналастыруға байланысты интернет-алаяқтық фактілері көбейіп келеді. Алаяқтар пәтерлер мен үйлердің тартымды фотосуреттерін пайдаланып, төмен бағамен хабарландырулар жариялайды. Кейін әртүрлі сылтаулармен алдын ала төлем немесе кепілақы аударуды талап етеді. Ақша алғаннан кейін байланысқа шықпай қояды немесе көрсетілген тұрғын үйдің мүлдем жоқ екендігі анықталады.

5 айда республика аумағында болмаған қызметтерді көрсетуге байланысты 1 700-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның ішінде 130-s Алматы облысында жасалған.

Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында Алматы облысының прокуратурасы ірі интернет-платформалармен және цифрлық сервистермен өзара іс-қимылды жүйелі түрде жолға қоюда.

Атап айтқанда, Алматы облысының прокуратурасы мен «OLX Group» ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында интернет-алаяқтық фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде тәуліктік тұрғын үйді жалға беру туралы алаң талаптарына сәйкес келмейтін және құқыққа қайшы әрекеттердің белгілері бар 518 хабарландыру анықталып, бұғатталды.

Қазіргі уақытта анықталған барлық хабарландыру авторына қатысты прокуратураның тапсырмасы бойынша киберполиция қызметкерлері тексеру іс-шараларын жүргізуде. Жүргізіліп жатқан жұмыс бүгіннің өзінде алаяқтық сипаттағы контентті уақтылы анықтауға, оның таралуын шектеуге және азаматтарды алдаудың ықтимал жағдайларының алдын алуға мүмкіндік беруде.