Creative Aimaq: Астанада өтетін жәрмеңкеде павлодарлық қолөнершілердің туындылары таныстырылады

Бүгін, 17:03
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Creative Aimaq: Астанада өтетін жәрмеңкеде павлодарлық қолөнершілердің туындылары таныстырылады
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Ертіс-Баянның өнері мен өрнегі елорда төрінде тоғысады. Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында 27-28 маусым күндері «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырып жатқан Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Павлодар облысының креативті жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап. 

Creative Aimaq жобасының басты мақсаты – өңірлік креативті индустрияларды дамыту, жергілікті брендтерді қолдау, шығармашылық кәсіпкерлікті ынталандыру және Қазақстан өңірлерінің мәдени әрі креативті әлеуетін танытатын бірыңғай алаң қалыптастыру. Екі күн бойы елорда тұрғындары мен қонақтары Ертіс-Баян өңірінің бай мәдени мұрасымен, қолөнер дәстүрлерімен және заманауи шығармашылық жетістіктерінен хабардар болады.

Жәрмеңкеде ұлттық бағыттағы өңірлік бренд өнімдері, зергерлік бұйымдар, ағаштан, теріден, сүйек пен металдан жасалған авторлық туындылар, ұлттық музыкалық аспаптар, қыш және керамика бұйымдары, өңір дизайнерлерінің этно-киім топтамалары мен Павлодар облысы суретшілерінің шығармалары ұсынылады.

Іс-шара аясында өңірдің үздік қолөнершілері мен шеберлері зергерлік өнер, қыш өңдеу және дәстүрлі қолөнер бағыттары бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді. Келушілер ұлттық қолөнердің қыр-сырымен танысып қана қоймай, авторлық туындылардың жасалу үдерісін өз көздерімен тамашалай алады.

27 маусым күні сағат 12:00-де жәрмеңкенің ресми таныстырылымы өтеді. Ал кешкі уақытта Open Stage Night шығармашылық кеші ұйымдастырылып, оның арнайы қонағы ретінде танымал актер әрі әнші Қобыланды Болат өнер көрсетеді.

Жәрмеңкенің екінші күні әдебиет пен руханиятқа арналады. Бағдарламаның басты оқиғаларының бірі – Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті ақын, жазушы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің «Я знаю!» кітабының ресми таныстырылымы.

Сонымен қатар «Ертіс пен Есіл арасы» атты музыкалық поэзиялық кеш өтіп, оған ақындар, өнерпаздар мен сөз өнерінің жанашырлары қатысады. Павлодар облысының креативті жәрмеңкесі – ұлттық мұра мен заманауи шығармашылықтың үйлесімін көрсететін, өңірлік брендтер мен отандық креаторларды қолдауға бағытталған бірегей мәдени алаң. Бұл жоба арқылы елорда тұрғындары мен қонақтары Ертіс-Баян өңірінің шығармашылық әлеуетін жақыннан танып, жаңа идеялар мен шабытқа жол аша алады.

Іс-шара 27-28 маусым күндері сағат 10:00-19:00 аралығында Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайындағы Qazaq Creative Hub алаңында өтеді.