Ақтау портының акваториясын тереңдету жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Бүгін, 10:13
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ақтау портының акваториясын тереңдету жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Фото: Көлік министрлігі

Ақтау порты акваториясын тереңдету жобасын іске асыру жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Жұмыстар Ақтау теңіз портында кеме қатынасының қауіпсіздігін арттыру мен Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) өткізу қабілетін ұлғайтуға бағытталған 

Бүгінгі таңда бас мердігер — China Harbour Engineering Company Ltd. компаниясы — жобаны іске асыру үшін қажетті геодезиялық зерттеу жұмыстарын және алынған деректерді өңдеуді аяқтады. Дайындық кезеңі аясында арнайы тереңдету жұмыстарын жүргізетін флоттың, басқа да техникалар мен жабдықтардың жұмылдырылуы жүргізілуде.

Сонымен қатар, учаскеде қоршау бөгетін салу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 785 метр болатын құрылыстың 680 метрі салынды.

«Негізгі тереңдету жұмыстарын бастау шілде айының екінші жартысына жоспарланған. Жобаны толық аяқтау жыл соңына дейін көзделіп отыр. Жұмыстардың нәтижесінде порт акваториясы 6–7 метрге дейін тереңдетіледі. Бұл кемелердің толық жүктелуін қамтамасыз етуге және жүктерді өңдеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», деп хабарлады ведомство.

Жоба ТХКБ әлеуетінің артуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі болмақ. 2028 жылға қарай оның қуатын 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл Қазақстанның Шығыс – Батыс бағыты бойындағы маңызды көлік-логистикалық торап ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Айта кетейік, осы жылдың 5 айында ТХКБ арқылы Қытай – Еуропа бағыты бойынша контейнерлік тасымал көлемі 30%-ға өскен.

Еске салсақ, Қазақстанда 9 мың шақырымға жуық республикалық жол жаңғыртылып жатыр.