Шаруаларға суармалы суды жеткізу келісімшарты цифрландырылды
Елімізде шаруалармен суармалы суды жеткізу бойынша келісімшарттар жасасу процесі цифрландырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында елімізде су пайдаланушылармен өзара іс-қимылдың негізгі процестері цифрландырылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, оның ішінде өтінім беру, шарт жасасу, шот ұсыну, актілер қалыптастыру және төлемдерді бақылау бар.
«Фермерлер үшін бұл жұмыс жүргізудің неғұрлым түсінікті әрі ыңғайлы тәртібін білдіреді. Құжаттар біртіндеп электрондық форматқа көшіріліп, қағазбастылық азайып, есеп айырысудың және су берудің ашықтығы артуда. Мемлекет үшін бұл қанша су сұратылатыны, нақты қанша берілетіні, шарттардың қалай орындалатыны және төлем тәртібі қандай екені туралы нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Еске сала кетсек, Қызылорда облысында Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты отандық автоматтандырылған су өлшеу құрылғысын сынақтан өткізіп жатыр.