Астанада «Зерделі ұлт: оқу мәдениеті және ұлт болашағы» тақырыбында Aqsham Talks өтті
Елордада Qazaq Creative Hub алаңында «Зерделі ұлт: оқу мәдениеті және ұлт болашағы» тақырыбында Aqsham Talks зияткерлік алаңы ұйымдастырылды. Жобаны «Elorda Aqparat» медиасеріктестігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын қолдау мақсатында өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Іс-шараның ашылуында «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек сөз алып, Aqsham Talks жобасының мақсаты мен маңызына тоқталды.
– Aqsham Talks – білім, технология, саясат, кәсіп және тұлғалық даму секілді қоғам үшін маңызды тақырыптарды талқылауға арналған ашық алаң. Мұнда өз саласында жетістікке жеткен тұлғалар тәжірибесімен бөлісіп, өмірлік сабақтары мен ой-пікірлерін көпшілікке ұсынады. Жобаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын қолдау мақсатында қолға алдық. Атап өтерлігі, бүгіннен бастап «Астана ақшамы» газетінде арнайы Aqsham Talks айдары жарық көреді. Онда оқу мәдениеті, зерделі ұлт қалыптастыру, қоғамдағы өзекті мәселелер жөніндегі мақалалар, сұхбаттар мен пікірлер осы айдар аясында тұрақты түрде жарияланатын болады, – деді Олжас Сыдықбек.

Ал Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп мұндай бастамалардың қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті.
– Elorda Aqparat медиасеріктестігі бастаған, Qazaq Creative Hub қолдау көрсеткен бұл жоба игі бастамалардың біріне айналады деп сенемін. Бүгінгі таңда осындай мазмұнды кездесулер өте қажет. Рухани дүниемізді байытып, ойлы орта қалыптастыратын шаралар көбейе берсін. Бүгінгі басқосуға әр саланың білікті мамандары мен өз ісінің үздіктері жиналып отыр. Олар оқу мәдениеті мен ұлт болашағы туралы келелі ойларын ортаға салады деп сенемін. Бұл кездесудің берері мол болып, қатысушыларға пайдалы ой тастасын, – деді сенатор.

Aqsham Talks алаңында халықаралық тәжірибе, IT, филология, педагогика және креатив индустрия салаларындағы спикерлер – халықаралық құқық маманы Алмат Игенбаев, ЖИ зерттеушісі Тимур Бектұр, филолог-зерттеуші Арын Құнанбайұлы, белгілі педагог, тренер Ескендір Бестай және сценарист, креативті продюсер Рамазан Фаилов сөз сөйлеп, қатысушылармен өз тәжірибелері мен ой-пікірлерімен бөлісті.



