Өзбекстан мен Португалия командаларының кездесуі: Роналдудың «салған әні»

24 маусым, 2026
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Өзбекстан мен Португалия командаларының кездесуі: Роналдудың «салған әні»
Фото: instagram/cristiano

...Кеше ғана: «Роналду өз әнін салады әлі. Оған менің еш күмәнім жоқ!» — деп айтып едім. Айтқаным айдай келді: түнде өткен 2-турдың ойындарында Өзбекстан командасымен кездескен Криштиану Роналдудың Португалиясы 5:0 есебімен жеңіске жетті. Бес доптың біріншісі мен үшіншісін Криштиану Роналду соқты! Және де бұл доптар жеп-жеңіл келе салған немесе 11 метрлік айып доптары емес болатын. Роналду ол доптарды өзіне тән ерекше өнермен өрнектеп тұрып соқты.

Бұл жерде оның екі доп соққанынан да салмақты тарих бар: Роналду осынымен 6 әлем чемпионатына қатысып, алтауында да қарсыластар қақпасына гол соққан жалғыз футболшы!

Ол, сонымен қатар, әлем чемпионаттарының финалдық кезеңінде жасы келген «кәрі» футболшылар арасынан гол соға алған камерундық Роже Милладан кейінгі екінші футболшы. Роже Милла әлем чемпионаттарында 42 жастан асқанда гол соққан. Ал Роналду 41 жастан асқанда гол соғып отыр!

Тағы да бар! Криштиану Роналду әлем чемпионаттарының финалдық кезеңінде жасы ұлғайғандар арасынан бір ойында 2 немесе одан да көп гол соққан тұңғыш жампоз!

Несіп Жүнісбаев