Миллиардтан астам шығын: ШҚО-да техникалық қадағалау компаниясына қатысты тергеу жүріп жатыр

Бүгін, 12:03
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Миллиардтан астам шығын: ШҚО-да техникалық қадағалау компаниясына қатысты тергеу жүріп жатыр
Фото: ҚМА

ШҚО мен Абай облысының аумағында орналасқан жеті әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысына техникалық қадағалау жүргізген «Восток Инжиниринг» ЖШС басшысына қатысты тергеу амалдарын жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Компанияның міндетіне құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемін, сапасын және жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін бақылау, сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, сумен жабдықтау нысандары мен жағалауды бекіту құрылыстарын салу кезінде нақты орындалған жұмыстарды растау кірген.

Алайда көрсетілген қызметтер үшін төлем алғанына қарамастан, құрылысқа тиісті бақылау жүргізілмеген. Кәсіпорын басшысы орындалған жұмыс көлемдері туралы жалған мәліметтер қамтылған актілерге қол қойып отырған.

Тінту барысында мөрлердің көшірмелері мен жалған актілер анықталды.

Мемлекетке келтірілген залал 1,2 млрд теңгеден асты.

ЖШС басшысы іздеуге жарияланды, соттың санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Еске салайық, бұған дейін Астанада шетелдіктерге ЖСН заңсыз рәсімдеу схемасы әшкереленді.