Филолог-зерттеуші Арын Құнанбайұлы: Біз кітап оқитын және балаға кітап оқып беретін ұлтқа айналуымыз керек
Елордада Qazaq Creative Hub алаңында «Зерделі ұлт: оқу мәдениеті және ұлт болашағы» тақырыбында Aqsham Talks зияткерлік алаңы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Шара барысында филолог-зерттеуші Арын Құнанбайұлы кітап оқу мәдениеті мен оның адамның ой-санасын қалыптастырудағы рөлі туралы пікір білдірді.
Оның айтуынша, қоғамның басты мақсаты – тек кітап оқитын емес, балаларға кітап оқып беретін ұлтқа айналу. Себебі баланың миы оқуға, ойлауға және талдауға дәл осындай ортада бейімделеді.

«Оқу – құр ақпарат жаттау немесе мораль қабылдау ғана емес. Бұл – мінез қалыптастыратын үдеріс. Біз қандай жағдайда ақыл білімінен жеңілмейтін, ойы мен мінезі үйлескен ұлт қалыптастыра аламыз деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Адам қанша кітап оқыса да, мінезі дұрыс болмаса, алған білімі толық пайдасын бермеуі мүмкін», – дейді зерттеуші.
Оның сөзінше, адам дүниеге келгенде миы дайын күйде болмайды. Баланың ойлау қабілетін дамыту үшін жаңылтпаш, жұмбақ, ертегі, қисса, жыр мен ән сияқты ұлттық мұралардың маңызы зор. Осындай құралдар арқылы «оқитын ми» қалыптасады.
Сондай-ақ Арын Құнанбайұлы кітаптың негізгі міндеті адамның ойын тереңдету екенін атап өтті. Оның пікірінше, кітап оқудың басты нәтижесі – оқырманды терең ойға жетелеу.
Зерттеуші қазіргі таңда әлемде кең таралып келе жатқан «баяу оқу» және «терең оқу» мәдениетіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл үрдістер елімізде әлі толық қалыптасқан жоқ.
«Біз көбіне мәтінді жылдам оқып, мазмұнын айтып беруді талдау деп қабылдаймыз. Алайда терең оқу мәтіннің мәніне үңіліп, ой қорытуды талап етеді», – дейді ол.

Сонымен қатар маман балалардың сөздік қорын дамыту мәселесіне назар аударды. Қазақ халқында санамақ, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел сияқты тіл дамытуға арналған бай мұра бар екенін айтып, оларды тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті.
Ұялы телефонның балаларға әсеріне тоқталған ол экрандағы жылдам ауысатын бейнелер баланың миына үздіксіз қозғалыс әсерін беретінін жеткізді. Сондықтан бес жасқа дейінгі балалардың экран алдында ұзақ уақыт өткізуіне жол бермеу қажет деп есептейді.
Арын Құнанбайұлының айтуынша, кітап оқу мәдениеті төмен қоғамда жазу мен сөйлеу дағдылары да әлсірейді. Қазіргі кезде жастардың бір бөлігі өз ойын қағазға түсіруге қиналатынын айтып, бұл мәселеге алаңдаушылық білдірді.
«Сізді жасқа жас, ойға кәрі ететін сабырлы да төзімді ұстаз – кітап. Сондықтан кітап оқитын ғана емес, кітап оқып беретін ұрпақ тәрбиелеуге ұмтылуымыз керек», – деп түйіндеді ол.
Еске салсақ, Астанада «Зерделі ұлт: оқу мәдениеті және ұлт болашағы» тақырыбында Aqsham Talks өтті.