Үкіметте алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары талқыланды

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес биыл электр стансаларында 10 энергия блогын, 63 қазандықты және 39 турбинаны жөндеу жоспарланғанын хабарлады.
4 энергоблокта, 31 қазандықта және 20 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі кезеңдерде жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары 5 энергия блогында, 22 қазандықта және 12 турбинада аяқталды.
Энергетикалық көздер бойынша жөндеу жұмыстарына 376,7 млрд теңге жоспарланған, бұл өткен жылғы деңгейден 13%-ға жоғары.
АЭК электр желілерінде жалпы ұзындығы 17 мың шақырым электр беру желілерін, 420 қосалқы стансаларды, 3,5 мың тарату пункттерін және трансформаторлық қосалқы стансаларды жөндеу жоспарланған.
«Электр беру желілерінің 77%-ы, қосалқы стансалардың 68%-ы және тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы стансалардың 73%-ы жөнделді. Жылумен жабдықтау желілерінде 323 шақырым жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу бойынша жөндеу жұмыстары жоспарланған. 215 шақырым немесе 66% орындалды. Барлық жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталады», - деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.



