Үкімет электр станцияларын жаңғырту үшін қаржы көлемін 15%-ға арттырды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Министрлер мен бірқатар өңірлердің әкімдері тыңдалды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында энергетикалық инфрақұрылым мен коммуналдық шаруашылықты жаңғырту міндетін қойды. Энергетика секторында тозу дәрежесі жоғары болуын ескере отырып, жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарлы әрі сапалы жүргізілуі қажет.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында электр станцияларын жөндеу мен жаңғырту үшін биылдың өзінде 377 млрд теңге қаржы бөлінді, бұл өткен жылдан 15%-ға жоғары.
Сондай-ақ Үкімет резервінен жылу көздері мен жылу желілерін жөндеуге шамамен 48 млрд теңге қарастырылған», - деп атап өтті Олжас Бектенов.