2027 жылға қарай халықтың 100 пайызы интернетпен қамтылады

Бүгін, 09:23
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views57
2027 жылға қарай халықтың 100 пайызы интернетпен қамтылады
Фото: pixabay.com

2027 жылға қарай халықтың 100%-ы интернетпен қамтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда телекоммуникация саласына 1 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталды. Бұл елдегі интернеттің орташа жылдамдығын 94 Мбит/с дейін арттыруға мүмкіндік берді.

«Саланы дамыту 2024-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. 2027 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ы интернетпен қамтылады. Интернет жылдамдығы 100 Мбит/с-тан асып, оптикалық байланыс желілері ауылдық елді мекендердің 90%-ына дейін тартылады», - деді Жаслан Мәдиев.

Вице-премьер 2026 жылдың соңына дейін тағы 3 мыңнан астам ауылды магистральды талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу көзделгенін атап өтті. Осылайшы ауылдардың 90%-дан астамы сымды технологиялар арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылады.

Осы жобаларды жүзеге асыру үшін 2027 жылдың соңына дейін жалпы көлемі 323 млрд теңгені құрайтын инвестиция қарастырылған. Шағын ауылдардың қалған 10%-ы спутниктік технологиялар арқылы қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар Жаслан Мәдиевтің айтуынша, мобильді желілермен қамту артады. Мәселен, 4G желісі барлық елді мекендердің 92%-ына дейін жетеді. Ал 5G желісі облыстық және республикалық маңызы бар 20 қалаға енгізіліп, қалалардың 60-75% аумағын қамтитын болады. 2027 жылдың соңына дейін 40 мың шақырым автожол бойы 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етіледі.

Алаяқтықпен күресу шаралары да қабылдануда.

«Министрлік байланыс операторлары үшін жаңа талаптар енгізді. Оның ішінде абоненттерді биометриялық идентификациялау, фрод әрекеттерін заңсыз трафикке теңестіру, операторлардың антифрод жүйелері мен Ұлттық банк арасындағы өзара әрекеттесу тәртібін нақтылау қарастырылған. Қабылданған шаралар 2024 жылдың басынан бері 30 млн-нан астам күдікті қоңырауларға тосқауыл қоюға мүмкіндік берді», - деп атап өтті вице-премьер.