Astana Run ZENGI BABA жарысы өтті


Бүгін елорданың Ботаникалық саябағында әуесқой спортшылардың арасындағы дәстүрлі Astana Run жарысының 2025 жылдағы алғашқы көктемгі жүгірісі ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары тек жүгіріс дистанциясын бағындырып қана қоймай, "Таза Қазақстан" акциясын қолдап, спорттық іс-шарадан кейін барлық қоқысты жинап кетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Astana Run ZENGI BABA "Таза Қазақстан" акциясы мен салауатты өмір салтын насихаттауды тоғыстырған бірегей шара болды. Оған тек спортты қолдайтын ғана емес, қала тазалығы үшін де зор жауапкершілік сезінетін шын жанашырлар қатысты. Олар жүгірістен кейін шаршауға қарамастан, саябақтағы қоқысты теріп, жүгіріс орнын тап-тұйнақтай етіп тазалап кетті.
"Мен қаладағы бұқаралық жүгіру жарыстарынан қалмауға тырысамын. Қалада жүгіру үшін мол мүмкіндіктер бар. Ботаникалық саябақтағы жүгіру жолы мен үшін әсіресе қолайлы. Бұл жердің тазалығына ерекше мән беремін. Өзім ешқашан қоқыс тастамаймын және жерде жатқан қоқысты көрсем, көтеріп, тиісті орнына апарып саламын, өйткені жерде шашылып жатқан қалдықтар көңілкүйіме кері әсер етеді. Бүгін де "Таза Қазақстан" акциясын қолдап, саябақтағы қоқысты жинауға шын көңілмен атсалыстым. Айналаны таза ұстау салауатты өмір салтының айнымас бөлігі екеніне сенімдімін. Экологиямыз жоғары деңгейде болса, денсаулығымыз да мықты болады", - деді Астана тұрғыны Еркебұлан Назархан.
2023 жылдан бастау алған Astana Run жүгірісінің басты ерекшелігі - 4 кезеңнен тұрып, жылдың әр мезгілінде өтеді. Бүгінгі шара - биылғы жылдағы бірінші көктемгі жүгіріс.
«Astana Run жылдың төрт мезгілінде де ұйымдастырылады. Биылғы жылдың басты ерекшелігі - маркетингтік әдісті қолданып, әр жүгіріске төрт түлік пірінің атын беруді жөн көрдік. Спорттық шарамыз тек салауатты өмір салтын ғана қамтып қоймай, «Таза Қазақстан» аясында жарыс өткен жерімізді де жинап кеттік», - деді жарыс ұйымдастырушысы Төлепберген Сүйінтаев.
Жарыс барысында ересектер 5 шақырым қашықтық бойынша 18-29, 30-39, 40-49, 50-59, 60 жастан жоғары санатта жеңімпаздарды анықтаса, 3-9 жас аралығындағы балалар 400 метр, 10-17 жастағы жасөспірімдер 1 шақырымға жүгірді.
Astana Run Challenge бәсекесінде үнемі чемпиондық атақты бермейтін Әлімжан Балтабек осы жолы тек 1-орын алып қана қоймай, жеке рекордын да жаңартты.
Ерлер
1-орын. Әлімжан Балтабек - 15:59
2-орын. Әкім Еркебай - 16:23
3-орын. Мұрат Естай - 16:45
Ал әйелдер бәсекесінде жаңа жеңімпаздың есімі белгілі болды.
Әйелдер
1-орын. Айгүл Аржаникова - 19:11
2-орын. Кристина Окладникова - 19:30
3-орын. Оксана Брудер - 20:29
Сондай-ақ ересектерден бөлек, балалар да түрлі қашықтықта жүлдегерлерді анықтады.
«Маған үлгі көрсеткен - әкем. Үнемі жүгіру жарыстарынан қалмайды. Үйге әрдайым медалін әкеліп жатады. Әкемнің әрекеті мені де жігерлендірді. Бүгін бірінші рет еш дайындықсыз 1 шақырымды жүгіріп шықтым. Бұл ортаның атмосферасы өте керемет екен. Әр қатысушының тиянақтылығы, қоршаған айналаны таза ұстауы мені таңғалдырды», - деп 5-сынып оқушысы Айзере Сейітқали эмоциясын білдірді.
Шара соңында барлық қатысушыларға ыстық шай беріліп, лотерея арқылы түрлі сертификаттар ойнатылды. Жүгіруге енді ғана қадам басқандарға жеңілдікпен массаж және спорттық киімдер де ұсынылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі "Astana Run Ойсылқара" жазғы жүгірісі тамыз айында өтпек.