Петропавлда қоян-қолтық ұрыстан Ұлттық ұланның чемпионаты өтті

Петропавлда  қоян-қолтық ұрыстан Ұлттық ұланның чемпионаты өтті
Фото: ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Петропавлда ІІМ Ұлттық ұланының қоян-қолтық ұрыстан чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жарыс халықаралық дәрежедегі спорт шебері, марқұм капитан Азамат Нұрпейісовтің рухына арналды. Турнир «Жеңіс» олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында өтіп, еліміздің барлық өңірлік қолбасшылықтарынан, Ұлттық ұлан Академиясынан, сондай-ақ 6654 және 5573 әскери бөлімдерінен келген 100-ден астам спортшылардың басын қосты.

Жарыс олимпиадалық жүйе бойынша жеті салмақ дәрежесінде ұйымдастырылды. Жеңімпаздар төмендегідей анықталды:

57 кг дейін — ефрейтор Шыңғыс Айтжанов (6556 әскери бөлімі, «Батыс»  ӨңҚ);

62 кг дейін — сержант Жандос Өтегұлов (5517 әскери бөлімі, «Батыс» ӨңҚ);

67 кг дейін — қатардағы жауынгер Руслан Қазыбай (5517 әскери бөлімі, «Батыс» ӨңҚ);

73 кг дейін — қатардағы жауынгер Мансұр Мимбулатов (3502 әскери бөлімі, «Батыс» ӨңҚ);

80 кг дейін — кіші сержант Курванжан Гуламдунов (3477 әскери бөлімі, «Шығыс» ӨңҚ);

88 кг дейін — қатардағы жауынгер Әлихан Сафаров (6697 әскери бөлімі, «Орталық» ӨңҚ);

97 кг дейін — курсант Искандер Жайықбаев (Ұлттық ұлан Академиясы).

Жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынды – «Батыс» өңірлік қолбасшылығының командасы, екінші орынды – Ұлттық ұлан Академиясы, үшінші орынды – «Орталық» өңірлік қолбасшылығы иеленді.

Салтанатты ашылу рәсімінде қатысушыларға құттықтау сөзін Ұлттық ұлан Академиясы бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Александр Корнилов арнады. Ол жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және қатысушылардың дайындығы мен жауынгерлік рухын ерекше атап өтті:

«Біз бұл турнирде тек спорттық жекпе-жектерді емес, мінездер шайқасын көрдік. Жеңіске жігері, төзімі, қайраты мен табандылығы барлар жетті. Бұл қасиеттер – әрбір әскери қызметші үшін маңызды. Әділ жекпе-жек пен тәртіп үшін барлық қатысушыларға, бапкерлерге және төрешілерге алғыс білдіремін», - деді полковник Корнилов.

Сондай-ақ капитан Азамат Нұрпейісовтің әкесі Ерік Нұрпейісов жарысқа қатысушыларға жүрекжарды алғысын білдіріп, ұлын еске алуға арналған турнирдің маңыздылығын атап өтті:

«Ұлымның есімін құрметтеп, осы жарысқа атсалысқан әрқайсысыңызға алғысым шексіз. Азаматтың өмірі қысқа болса да, мәнді өтті. Ол елге адал қызмет етті. Оның есімін есте қалдыру – біздің отбасы үшін үлкен мәртебе. Турнирді жыл сайын өткізуге бастамашы болған Ұлттық ұлан мен Академия басшылығына ерекше ризашылығымды білдіремін», - деді ол.

Айта кетейік, Азамат Нұрпейісов спортпен мектеп кезінен бастап айналысқан. Бокс пен кикбоксингке деген қызығушылығы мен еңбекқорлығының арқасында қысқа мерзім ішінде жоғары жетістіктерге жетті. Ол – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, Кубок иегері, сондай-ақ Италияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2009), Ирландиядағы әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011), Үндістанда өткен Азия чемпионы (2012), Түркияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2013). Сонымен қатар  ол әскери институтты тәмамдап, ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінде офицерлік қызмет атқарған.

Турнир ұрпақтар сабақтастығының нышанына айналды және Отанға қызмет етуге өмірін арнаған офицерді еске салды.