«Қайрат» клубы Чемпиондар лигасында «Реал Мадридке» жол берді

UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің екінші турында «Қайрат» (Алматы) өз алаңында Испанияның «Реал Мадрид» клубына есе жіберді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бірінші таймда қонақтар 9 соққы жасағанымен, бір мәрте ғана гол соға алды. Ойынның 26-минутында Килиан Мбаппе алматылық клуб қақпасына белгіленген пенальтиді мүлтіксіз орындады.
Екінші таймда испандық ұжым қарымта шабуылда керемет ойнай білді. Нәтижесінде әлемдегі ең жылдам футболшының бірі саналатын Килиан Мбаппе 52, 74-минутта тағы екі мәрте мергендік танытты. Одан кейін Эдуарду Камавинга 83-минутта басымдықты арттыра түссе, қосымша минутта Браим Диас ойын нүктесін қойды. Осылайша алматылық клуб қарсыласына 0:5 есебімен есе жіберді.
Енді «Қайрат» клубы 21 қазан күні Кипр чемпионы «Пафосты» қабылдайды.



